
Ресей президенті Владимир Путин Instagram мен Facebook-те жарнама таратуға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл желілер экстремистік деп танылып, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынған.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, бұл желілерде ешқандай жарнама орналастыруға болмайды.
Бұған себеп — кейбір ресейліктердің Instagram мен Facebook-ке VPN арқылы кіріп, қолдана беруі. Ал бұл желілер иелеріне жарнама арқылы табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Кейбір есептеулерге қарағанда, олардың табысы 90%-ға дейін жарнамадан келеді.
Заң шығарушылардың айтуынша, жарнама арқылы түскен ақша бұл платформаларға жаңа контент жасауға, тіпті тыйым салынған ақпарат таратуға көмектеседі. Сондықтан билік жарнамаға мүлде тыйым салуды жөн көрген.
Заңға сәйкес енді Ресейде Instagram, Facebook сияқты платформаларда ешқандай жарнама көрсетуге болмайды. Егер қандай да бір ұйым немесе желі экстремистік деп танылса, оның барлық сайты мен қосымшасында жарнама жасауға тыйым салынады;
Бұл тыйым тек желінің өзіне ғана емес, жарнама беретін компанияларға да қатысты болады.
Заңды бұзғандар үшін айыппұл қарастырылған:
- Азаматтар үшін — 2 500 рубльге дейін
- Лауазымды тұлғалар үшін — 20 000 рубльге дейін
- Заңды тұлғалар (компаниялар, ұйымдар) үшін — 500 000 рубльге дейін
«Құқыққа қайшы ақпараттық ресурстардың иелері жарнама арқылы табыс табу арқылы жаңа контент — соның ішінде тыйым салынған ақпарат — өндіруді жалғастырады және пайдаланушылардың қызығушылығын сақтау мүмкіндігін алады», – деп жазады заң авторлары.