Қор нарығымен бірге биткоин бағасы да төмендеп жатыр

2025 жылғы 7 сәуірде биткоин бағасы 77 мың долларға дейін төмендеді. Binance криптобиржасындағы сауда нәтижесі осындай болды. Аз уақыт ішінде биткоин құны 5,7 мың долларға немесе 6,7%-ға түсіп, 2024 жылғы қарашадағы деңгейге қайта оралды.
CoinMarketCap 100 индексі бір күн ішінде 8,44%-ға құлдырап, 145,51 долларға дейін түсті. Ол – нарықтағы негізгі криптовалюталардың қозғалысын бақылап отыратын көрсеткіш
Биткоин бағамы мен жалпы криптовалюта нарығы басқа да тәуекелі жоғары активтермен қатар төмендеп жатыр. Трамптың баж салығынан кейін, әлемдік нарықта құлдырау басталды. 7 сәуірдегі саудада Stoxx Europe 600 индексі 5,16%-ға төмендеді. Ал Азиядағы жапондық Nikkei 225 – 7,68%, оңтүстіккореялық Kospi – 5,57%, гонконгтық Hang Seng – 13,2% жоғалтты.
Bloomberg дерегінше, Азиядағы ең бай 20 адам барлығы 45,9 млрд доллардан айрылған. Ал MSCI Asia Pacific индексі 8,5%-ға құлдырады.
Әлемдік мұнай бағасының жағдайы да мәз емес. Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 2,1 долларға төмендеп, бір баррелі 63,48 доллар болды.