Шымкенттік тұрғын қызғалдақтарды жұлғаны үшін 12 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Шымкент тұрғынына Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін қызғалдақтарды жұлғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келіншек жұлып алған қызғалдақтар — Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін өсімдіктер.
Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы далада түсірілген видео тарады. Бейнежазбада әйел бірнеше қызғалдақты жұлып алып жатқан сәті көрінеді. Видео Ордабасы ауданына қарасты Ұялыжар ауылдық округінің аумағында түсірілген.
Аталған фактіге қатысты, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы, 1-бөлігі — «Сирек және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.
Заң бойынша, сирек және жойылып кету қаупі бар өсімдік түрлерімен заңсыз айналысқан тұлғаға 3 мың АЕК-ке дейінгі (шамамен 11,7 млн теңге) айыппұл немесе дәл осы мөлшерде түзету жұмыстары тағайындалуы мүмкін.
Басқа жағдайларда қоғамдық жұмыстарға тарту, бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.