Қытай Трамптың тариф дағдарысын мүмкіндікке айналдыруға тырысады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қайда алып баратынын ешкім білмейді / фото: REUTERS

Әлем елдері ғаламдық сауда соғысы шиеленіскен тұста АҚШ президенті Дональд Трамппен келісуге тырысып жатса, Қытай басқа жол таңдады. Әлемнің екінші экономикасы екі тәуліктің ішінде америкалық тауарлар мен компанияларға қарымта шара қолданды.

Қытай стратегиясы қаншалықты дұрыс?

Енді Бейжің әлемге үшбу хабар жолдап отыр: Қытай сауда соғысына төтеп беріп қана қоймай, әлдеқайда күшті болып шығуға дайын. Бейжің стратегиясы қаншалықты дұрыс екеніне CNN телеарнасы талдау жасады.

«Америкалық баж салығы Қытайға әсер етеді, бірақ одан «аспан жерге құлап түспейді», – деп жазды Қытай коммунистік партиясының басты насихат құралына айналған People’s Daily газеті.

2 сәуірде Трамп Қытайдың АҚШ-қа импорттайтын бүкіл тауарына 34% көлемінде қосымша тариф белгіледі. Сөйтіп Құрама Штаттардағы қытай импортына баж салығы 54%-дан асты. Жұма, 4 сәуір күні Бейжің бүкіл америкалық импортқа 34% көлемінде тариф белгіледі.

Соған қарағанда, Қытай басшысы Си Цзиньпин мен оның айналасындағылар стратегиялық есепке сүйенсе керек. Себебі әлемдегі сауданың тұралап қалуы Қытайға қарағанда АҚШ-қа көбірек нұқсан келтіреді деп жазды CNN.

«Инвестициялық жұмақ»

Трамп тарифтері дос пен дұшпанға бірдей қарсы бағытталса, қытай шенеуніктері өздерін ғалам экономикасын қорғаушылар ретінде көрсетуге тырысып жүр.

«Көлемі жағынан әлемдегі екінші экономика және екінші ірі тұтынушы нарық ретінде, халықаралық жағдай қалай құбылғанына қарамастан, Қытай есігін айқара ашып отыр», – деп мәлімдеді Қытай СІМ.

Министрліктің мәліметінше, 6 сәуірде Қытай сауда министрінің орынбасары Лин Цзи АҚШ қаржыландыратын 20 кәсіпорынның өкілін қабылдады. Олардың арасында Tesla мен GE HealthCare бар.

Лин Қытайды инвестиция салуға ыңғайлы «қауіпсіз мекен» ретінде жарнамалаған.

Кейінгі бір айда Бейжің Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, сонымен бірге Еуроодақпен экономикалық келіссөздер жүргізді. АҚШ олардың бәріне 20-25% көлемінде баж салығын енгізіп отыр.

Теке-тірес күшейген сайын, дағдарыстан шығу қиындай береді

2024 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы шамамен жарты триллион доллар болған.

Әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда соғысы қай межеге дейін барып тоқтайтынын әзірге ешкім болжай алмайды. Себебі екі үкімет те санкцияларды әлі де қатайтуы мүмкін.

Шектеу көбейген сайын, екеуіне тығырықтан шығу жолын іздеп табу қиынға түседі деп жазды CNN телеарнасы.

Сондай-ақ оқыңыз