
«Банк ЦентрКредит» акционерлері 2024 жылға дивиденд төлемеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы компания Астана халықаралық биржасы (AIX) сайтында хабарлады.
Мәліметке қарағанда, 4 сәуірде қаржы мекемесі акционерлерінің жыл қорытындысына арналған отырысы өткен. Жиналыста акционерлер 2024 жылға дивиденд төлемей, 194,5 млрд теңге көлеміндегі бүкіл пайданы компанияның таза пайда қорына қосуға шешім қабылдаған.
Мұндай шешімді 154 млн акцияға ие акционерлер қабылдаған.
«Банк ЦентрКредит» 2024 жылы табысы жағынан алғашқы үштікке кірді. Жыл аяғында банк 20 млрд теңге мемлекеттік көмекті қайтарып берді. Оның тағы 40 млрд теңге қарызы бар. Банк мемлекеттен жалпы 60 млрд теңге көмек алған. Бұл – қаржы тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында бөлінген ең аз сома. Оны қаржы ұйымы 2032 жылы қайтаруы тиіс еді.
БЦК – активінің көлемі жөнінен үшінші орында тұрған ірі қаржы мекемесі. Оның акцияларының 48,5%-на Бақытбек Бейсейітов, ал 11,2%-на Владислав Ли иелік етеді.
2024 жылы Қазақстан банктерінің таза пайдасы 17%-ға өсіп, 2,55 трлн теңге болды.