Tesla акциялары 10%-ға арзандады

Tesla акциялары дүйсенбі, 7 сәуірде, әлемдік қаржы нарығында 10%-ға арзандап, 214,80 доллар болды. Жақында ғана АҚШ сауда министрі Говард Лютник акциялар енді ешқашан түспейді деп мәлімдеген.
Bloomberg мәліметінше, Лютник осындай болжамды 19 наурызда жасап, халықты осы акцияларды сатып алуға шақырған. Ертесіне Tesla бас директоры Илон Маск компания қызметкерлеріне акцияларын сатпауға кеңес берген.
Акциялардың осылайша құлдырауына Wedbush Securities сарапшысы Дэниел Айвстың акция бағасын 40%-ға төмендетуі себеп болды. Ол Дональд Трамптың сауда саясаты мен Маск құрған брендтің дағдарысына сүйенген.
Tesla брендінің өрлеуі мен құлдырауы
Миллиардер Илон Маск брендінің акциялары 2024 жылғы желтоқсанда шарықтау шегіне жетті. Содан бергі уақытта құнды қағаздар 50%-ға құлдырап үлгерді.
Былтыр Трамп сайлауда жеңіске жеткен уақытта Маск компаниясы өрлейді деп болжаған. Алайда Маск АҚШ-та ғана емес, әлемдегі саяси дауларға араласып кетті. Соның салдарынан оның өнімінен бас тартушылар көбейіп, компанияға қарсы наразылық күшейді.
Автогиганттың сауда көрсеткіштері де нашар шығып, сарапшылар бренд бағасын түсіріп үлгерген.
Айвстың айтуынша, Tesla-ның Қытайдағы жағдайды қатты алаңдатып отыр.
«Трамптың тариф саясаты мен оның Маскпен байланысы Қытайда теріс реакция тудыруы мүмкін. Сол себепті қытай тұтынушысы BYD, Nio, Xpeng және басқа да отандық өнімді сатып алуға ден қояды», – деп жазған Айвс.
Осының алдында Қытайтың BYD автогиганты электромобильді бар болғаны бес минутта қуаттайтын құрылғыны таныстырып, бәсекелестерінің бәрін жолда қалдырған.
Естеріңізге сала кетейік, бұның алдында Mercedes-Benz неміс компаниясы жаңа седанмен Tesla-ны Еуропадан ығыстырып шығаруды көздейтінін мәлімдеген.