МӘМС-тен тағы былық шықты. Емханалар 43 мыңнан астам жалған қызмет көрсеткен

Медициналық сақтандыру қоры 2024 жылғы МӘМС төлемдеріне қатысты тексеру нәтижелерімен бөлісті. Қор өткен жылы 39 млрд теңгенің төлемдеріне, яғни 3,9 млн жағдайға қатысты заңсыздықтарды анықтаған. Оның ішінде 43 мыңнан астамында жалған жазбалар жасалып, заңсыз төлемдер жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлер науқас ем алды деп жалған есеп берген. Осылайша қор жалпы сомасы 550,2 млн теңгенің заңсыз төленгенін анықтап, оны қорға кері қайтарған. Ведомство МӘМС айналасындағы даулы істерге қатысты Kursiv.Media сауалына жауап берді.
5 айлық баладағы қанқұрт пен 82 тістің дауы
Медициналық сақтандыру қоры 5 айлық баладағы құнқұрт пен бір науқастың 82 тісін емдеу фактісіне қатысты қандай әрекеттер болғанын түсіндірді.
«Аталған 5 айлық баланың тісін емдеу және 82 тісті емдеу фактілері туралы Қор базасында депутаттармен кездесу барысында айтылған еді. Осы жағдайларға байланысты Қор экономикалық ықпал ету шараларын қабылдады. Медициналық ұйым мониторинг нәтижелерін сот арқылы даулауға тырысқанымен, шешім Қордың пайдасына шығарылды», – делінген ресми жауапта.
Науқастарды МӘМС аясында жалған жазбамен қабылдаған…
Қордың мәліметінше, МӘМС айналасында жалған жазбалардың жасалғанын анықтау қиын. Мұндай заң бұзушылықтар жекеменшік ұйымдарда да, мемлекеттік медициналық мекемелерінде де кездесетінін жасырмады. Әсіресе, Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдар жалған жазба жасау арқылы мемлекет ақшасына ортақтасады.
«2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша «Медициналық көмектің (қызметтің) расталмаған жағдайлары» бойынша жалпы 550,2 млн теңге сомасына анықталған фактілердің жалпы саны 43 328 ақауды құрады. Осы фактілер бойынша 381 медициналық ұйымда экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Жалған жазбалардың ең көп үлесі Жамбыл облысында (ҚР бойынша жалпы көлемнен 40%), Маңғыстау облысында (14%), Түркістан облысында анықталды (10%)», – деп түсіндірді ведомство.
Жекеменшік емханалардың МӘМС қаражатын алуы қалай тексеріледі
Қор медициналық ұйымдардағы ақылы қызметтердің әртүрлі болуына қатысты қоғамда жиі айтылатын сынға да жауап берді. Ведомство ақпаратына сүйенсек, биыл елдегі 1931 медициналық ұйым міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істеу үшін Қормен келісімшарт жасасқан. Оның 707-сі мемлекеттік болса, қалған 1224-і жекеменшік ұйым.
«Дәл осы келісімшарт жасасқан медициналық мекемелер бекітілген бір тариф аясында жұмыс істейді. Сол себепті әркім өздігінен баға қоя алмайды. Медициналық қызметтердің құны 2020 жылғы 21 желтоқсанда № ҚР ДСМ-309/2020 Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген ТМККК және (немесе) МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтер тарифтерін қалыптастыру әдістемесіне сәйкес есептеледі «,– деп мәлімдеді МСҚ.
Жуырда депутат Асхат Аймағамбетов елдегі денсаулық сақтау жүйесі өткен жылы мемлекет бөлуі тиіс 500 млрд теңгеден қағылғанын айтқан еді. Осының нәтижесінде мыңдаған адам уақытында медициналық көмек ала алмай қалған. Ал емханаларда ұзын-сонар кезек мәселесі күрделеніп, дәрі-дәрмекке қол жеткізу де қиындай түскен.
.