Павлодарда кәсіпкер субсидияланған нысанда нанның орнына алкоголь өнімдерін сатқан

Павлодарда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» субсидия алған жеке кәсіпкер коммерциялық жылжымайтын мүлікті мақсатсыз пайдаланған. Дәлірек айтқанда, нысан ішінде ұннан жасалған кондитерлік өнімнің орнына тоқыма бұйымдарын, сабын және алкоголь өнімдерін сатқан.
Осы жағдайдан хабардар болған қор сотқа жүгінген.
2023 жылы Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», банк және жеке кәсіпкер арасында субсидиялау шарты жасалған. Соған сәйкес, қор жеке кәсіпкердің Павлодардағы коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алу үшін алған несиесі бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялауға міндетті болған.
Бизнес-жоспарға сәйкес, жеке кәсіпкердің негізгі қызметі – нан, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торт, бәліш өндіру.
Алайда мониторинг барысында жеке кәсіпкердің сатып алған нысанда тоқыма бұйымдарын, сабын және алкоголь өнімдерін сату бөлімшелері орналасқанын анықталған. Ол жерде нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер дайындалмаған.
Содан кейін несие қаражатын мақсатсыз пайдаланғанын алға тартып, қор жеке кәсіпкерден 8,4 миллион теңге көлемінде төленген субсидияны сот арқылы қайтаруды талап еткен. Жеке кәсіпкер мұны заңсыз деп атап, қарсы талап қойған.
Бірінші сатыдағы сот қор талабын қанағаттандырған, жеке кәсіпкердің қарсы талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда апелляциялық сот мұнымен келіспей, жеке кәсіпкердің жағына шыққан.
Істі Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Осылайша, жеке кәсіпкер субсидиялау шартын және бизнес-жоспарды тиісінше орындағанын, субсидия берілген жобаның орындалу мақсатын дәлелдемегенін айтып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.