«Түрмеде заңсыз отырғым келмейді»: Қожағапанов сотында не болып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ерлан Қожағапановқа қатысты іс жалғасып жатыр/коллаж kursiv.media

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс жалғасып жатыр деп хабарлайды KursivMedia.

Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

2025 жылдың 8 сәуіріндегі сот отырысында Қожағапанов форум шығынын есептейтін аудиторлық компанияға қатысты ойын айтты.

«Неге аудит нарығындағы көшбасшылар тартылмайды? Меніңше, олар үшін бұл қылмыстық істің мән-жайын талдау, объективті баға беру мәртебе болады. Назарбаев пен Путин қатысқан форумды неге ірі аудитор тексермейді?», – деді Қожағапанов.

Бұрынғы вице-министрдің мұндай пікір білдіруіне іс бойынша мемлекеттік айыптаушының қылмыстық іс аясында жаңа бағалаушыны тартуды сұрағаны себеп болды.

«Бұл сарапшы тартылған іс бойынша айыпталушы 9 жылға сотталған екен. Ол істе де прокурор мемлекеттік айыптаушы болған. Яғни, бұл компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тәуелді. Бізде 1 616 аудитор бар, неге іске дәл осы аудитор тартылуға тиіс? Лайық сарапшыны тарту керек. Бұл сарапшы қызмет құнына байланысты таңдалды деп жатыр. «Ақша жоқ болса, 9 жылға сотталасыз» деген болмауы керек. Олардың қызметінің құны арзан болғаны үшін мен түрмеде заңсыз отырғым келмейді», – деді Қожағапанов.

Істі қарап жатқан судья Қанат Тобағалиұлы шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Ерлан Қожағапанов ісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.

Іс бойынша екі сотталушы бар. Бірі – бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.

Екінші сотталушы – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. 

2025 жылдың 26 наурызында «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова сотта жауап берді

27 наурызда Ерлан Қожағапанов қылмыстық іске қатысты өз ұстанымын айтты. Қожағапановтың айтуынша, дау шыққан іс-шара – Нұрсұлтан Назарбаев президент ретінде қатысқан соңғы форум.

Сондай-ақ оқыңыз