Өмір бойына бас бостандығынан айырылады. ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі азаматтарға ақшалай сыйақы үшін шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысудың құқықтық салдары туралы ескерту жариялады.
Министрлік соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ақшалай сыйақы үшін басқа мемлекеттердің қарулы күштерімен келісімшартқа отыруды ұсынатын жарнамалар мен бейнероликтер шыға бастағанын атап өткен.
Қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Қазақстан азаматтарына шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін (ҚР ҚК 172-бабы) бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
«Жалдамалылық үшін (ҚР ҚК 170-бабы) іс-әрекеттің ауырлығына қарай жеті жылдан бастап, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. ІІМ азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырады» делінген хабарламада.
Бұған дейін Украинаның «Хочу жить» жобасы Украинада Ресей әскерінің қатарында соғысып жүрген қазақстандықтар тізімін жариялаған. Тізімде 661 адамның есімі аталады. Ол жерде олардың туған күндері, әскери жетон нөмірлері және қаза тапқандары туралы белгі көрсетілген. Жобаның дерегіне сүйенсек, бүгінде олардың 78-і қайтыс болған.