AIX-тегі сауда-саттық үш айда 188 млн долларды құрады

2025 жылдың қаңтар–наурыз айларында Астана халықаралық биржасындағы (AIX) сауда-саттық көлемі 188 млн долларды құрады.
AIX мәліметінше, есепті кезеңде биржада 156 эмитенттің 277 бағалы қағазы айналымда жүр. Бұл 2024 жылдың соңымен салыстырғанда бағалы қағаздар саны 21-ге (8,2%), ал эмитенттер саны 12-ге (5,4%) артқанын байқатады.
Алайда былтыр биржа 140 жаңа бағалы қағазды орналастырып, 68 жаңа эмитентті тартқан. Бұл – тоқсан сайын орта есеппен 35 құрал мен 17 эмитент. Осылайша, AIX 2024 жылдың орташа көрсеткіштерінен артта қалып отыр.
Биржа іске қосылған кезінен бастап тартылған жалпы капитал көлемі 7,2 млрд долларға жетті. Оның ішінде 200 млн доллар 2025 жылдың бірінші тоқсанында тартылған. Бұл 2024 жылдың орташа тоқсандық көрсеткішімен салыстырғанда ($575 млн) үш есе аз. Былтыр AIX жалпы 2,3 млрд доллар капитал тартқан болатын.
Инвесторлар саны да өсуде: бірінші тоқсанда AIX 100 мыңнан астам жаңа инвесторды тартты. Қазіргі таңда AIX CSD-де ашылған шоттар саны 2 миллионнан асты.
2025 жылдың қаңтар айындағы сауда көлемі 76,7 млн долларды құрап, желтоқсанмен салыстырғанда 19%-ға төмендеген. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 95 млн доллар болған.
Сонымен қатар бұл тоқсанда AIX-та бірқатар маңызды іскерлік оқиға тіркелді. ForteBank пен Kaspi.kz сынды қазақстандық банктер еурооблигация орналастырды.
Биржа экологиялық және құрылымдық қаржы құралдарының желісін кеңейтіп, ал Tabys қосымшасында алтын монеталарға бөлшектеп инвестициялау мүмкіндігі пайда болды. Сондай-ақ, I-REC экологиялық сертификаттарының алғашқы саудасы өткен.
14 наурызда AIXQI индексі өзінің тарихи ең жоғары деңгейіне – 1 561,43 жетті. AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанованың айтуынша, 2025 жыл биржа үшін өршіл мақсаттармен басталған.
AIX – 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан алаң. Оның акционерлері қатарында Astana International Financial Centre Authority (AIFCA), Қытай-Қазақстан өндірістік қуат қоры, NASDAQ және Шанхай қор биржасы бар. 2021 жылы биржа индикаторы ретінде AIX Qazaq Index (AIXQI) енгізілген болатын.