Ресей Қазақстанға инвестиция салған елдер арасында көш бастады. Сарапшылар неден қауіптенеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей негізгі капиталға қанша инвестиция салды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Милош Муратовский

2024 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі бойынша Ресей көш бастады. Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бұл жағдайдың жағымды жақтары да, тәуекелдері де бар екенін атап өтеді.

Ресей инвестициясының көлемі артты

2024 жылы Ресейден Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард долларды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 1 миллиард долларға артық. Осылайша, Ресей көп жылдан бері көш бастап келген Нидерландыны басып озып, Қазақстанның басты инвесторына айналды (Нидерланды 2024 жылы 3,8 миллиард доллар инвестициялаған). Жалпы 2024 жылы Қазақстанға тартылған ТШИ көлемі 17,1 миллиард долларды құраса, соның 23,6%-ы ресейлік капиталға тиесілі.

Ресейлік капитал неге артты?

Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, түрлі санкция құрсауында қалған ресейлік инвесторлар өз капиталын көршілес елдерге, яғни шектеуі аз нарықтарға бағыттай бастаған. Бұл оларға өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, 2022 жылы Ресейден келген инвестиция 1,5 миллиард долларды ғана құраған еді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 миллиард долларға жетті. Ал 2024 жылы 4 миллиард долларға жетті. Бұл – Ұлттық банк 2005 жылдан бері жүргізіп келе жатқан статистика бойынша рекордтық көрсеткіш.

Қазақстанға тигізер пайдасы қандай?

Аналитиктердің айтуынша, энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына тартылған ресейлік инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсімді ынталандыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, жаһандық тұрақсыздық пен Ресейге қарсы санкциялық қысым жағдайында ресейлік капитал батыстың қаржы көздеріне қарағанда тұрақтырақ болуы мүмкін. Бұл Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді.

Тәуекелдер де бар

Алайда сарапшылар Қазақстан экономикасындағы Ресей капиталы үлесінің артуы белгілі бір тәуекелдерді де туындататынын ескертеді.

Біріншіден, Ресейге қатысты санкциялар күшейсе, бұл инвестициялардың ұзақ мерзімді тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, бір ғана елден тәуелділік артуы инвестициялық әртараптандыруды шектейді.

«Ұзақ мерзімде бұл белгілі бір қауіптер туғызып, Қазақстанның өзге елдермен теңгерімді экономикалық байланыс орнатуын қиындатуы мүмкін», – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.

Жалпы инвестиция неге азайды?

Бұған дейін «Курсив» басылымы 2024 жылы Қазақстанға тартылған жалпы ТШИ көлемі 28%-ға төмендеп, 23,9 миллиард доллардан 17,1 миллиард долларға азайғанын жазған еді. Ал таза инвестиция көрсеткіші тарихта алғаш рет теріс мәнге – минус 2,55 миллиард долларға дейін құлдырады.

Сондай-ақ оқыңыз