Астанадағы LRT ісі бойынша мемлекетке 920 млн теңгенің дүние-мүлкі қайтарылды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Астанадағы LRT борышкерлеріне қандай актив қайтарылды/ Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сот шешімімен Астанадағы LRT ісіне қатысты 40 шақты жылжымайтын мүлік мемлекет меншігіне өттті. Олардың ішінде 39 коммерциялық ғимарат және жалпы аумағы 12,8 гектарды құрайтын, теміржол жолдары бар жер телімі бар. Бұл активтердің жалпы құны — 920 млн теңге.

Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл активтер Астана әкімдігіне қарасты «City Transportation Systems» компаниясының балансына өткен.

Одан бөлек, алдағы уақытта тағы 37 жылжымайтын мүлік нысаны қайтарылады деп жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны — 615 млн теңге.

2024 жылдың желтоқсанында Астана қалалық соты «Astana LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты үкімді күшінде қалдырды. Бұған дейін ол 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Астанадағы LRT құрылыс жұмыстары 2011 жылы басталып, ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді. 2024 жылдың соңында Астанадағы LRT-ның барлық инфрақұрылымы 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында толық дайын болып, ал жолаушылар тасымалы 2026 жылдың басында іске қосылатыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз