Ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық неге үлкен

Қазақстанда жалақы мәселесі тек экономикалық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік теңдік тұрғысынан да өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Соңғы он үш жылдағы статистикалық деректерге сүйенсек, ерлер мен әйелдер арасындағы орташа айлық жалақы айырмашылығы едәуір үлкен. Бұл жағдай елдегі еңбек нарығында сақталып отырған гендерлік теңсіздік көрінісі екенін айқын көрсетеді.
Жалақы алшақтығы
2024 жылы Қазақстанда әйелдер мен ерлердің жалақысы арасындағы айырмашылық бұрынғы жылдармен салыстырғанда азайып барады. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылдың I тоқсанындағы республика бойынша орташа айлық жалақы – 399 015 теңге, ал әйелдер үшін бұл көрсеткіш 311 217 теңгені құрады. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы шамамен 25,7% екенін көрсетеді. Ал пайыздық тұрғыдан әйелдердің жалақысы ерлерден орта есеппен 25–30% төмен

Жалақы динамикасы. 13 жыл аралығы
2011 жылы әйелдердің орташа айлық жалақысы 72 430 теңге болса, ер адамдардың жалақысы 106 533 теңгені құраған. Ал 2024 жылдың I тоқсаны бойынша бұл көрсеткіш әйелдер үшін 418 788 теңгеге жеткен.
Аталған мерзім аралығында әйелдердің жалақысы 4,3 есе өскен. Бұл орта есеппен жылына 10–12% аралығында өсімді білдіреді. Алайда жалақы өсімінің жоғары болуы жалақы айырмашылығының азайғанын білдірмейді.

Өңірлердегі жағдай
Статистика бюросының мәліметінше, Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, ШҚО және Алматы қаласында әйелдердің орташа жалақысы 300 мыңнан асады. Ең көп бас қала – Астанада қаласының әйелдерінің орташа жалақысы 423 мыңға жетіп отыр. Ал қалған өңірлер республикалық көрсеткіштен төмен болып отыр. 2024 жылдың І тоқсанында республика бойынша әйелдердің орташа жалақысы -311 217 теңге.

Республика бойынша орташа жалақы алшақтығы 25,7% болғанымен, өңірлер бойынша алшақтық әркелкі. Мәселен Жетісу облысында ерлер мен әйелдерің жалақы алшақтығы 0,6 %-ды құраса, Маңғыстауда керісінше 50,4% немесе алшақтық 2 есеге дейін барады. Батыс аймақта айтарлықтай алшақтық байқалса, Оңтүстік пен солтүстік өңірлерде республикалық деңгейден төмен. Орталық өңірлер, керісінше жоғары болып отыр.
Жалақы арақашықтығы неліктен үлкен?
Жалақы алшақтығы, яғни ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы, бірнеше факторларға байланысты болуы мүмкін. Бұл айырмашылық әр елде, индустрияда және жұмыс саласында әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ жиі кездесетін себептерге мыналар жатады:
Қоғамдық стереотиптер: Әлеуметтік және мәдени стереотиптер ерлер мен әйелдердің жұмысқа қатысты рөлдерін әртүрлі бағалауға әкеледі. Ерлер көбінесе басқарушы немесе жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істейді. Ал әйелдер көбінесе төменгі немесе көмектесу қызметтерінде жұмыс істейді.
Әйелдердің балалар күтімі: Әйелдердің көбі бала туғаннан кейін, ұзақ уақыт бойы жұмыстан демалады немесе толық емес жұмыс істейді. Бұл олардың мансаптық өсуіне әсер етеді және жалақы алшақтығын ұлғайтады.
Жұмыс орындары мен салаларының айырмашылығы: Ерлер көбінесе жоғары төлемақы мен мәртебесі жоғары салаларда жұмыс істейді. Мысалы, инженерия, құрылыс немесе қаржы, ал әйелдер денсаулық сақтау, білім беру сияқты төмен төлемақы салаларында көп жұмыс істейді.
Жұмыс істейтін сағаттар мен икемділік: Ерлер жиі толық жұмыс уақытында жұмыс істейді, ал әйелдер жұмыс уақытын икемді етуді жиі сұрайды. Әсіресе, балаларды тәрбиелеу немесе отбасылық міндеттерді орындау үшін осыған барады.
Жыныстық дискриминация: Көптеген жағдайларда әйелдер ерлермен тең біліктілігі мен тәжірибесіне қарамастан төмен жалақы алады. Бұл еңбек нарығындағы жыныстық дискриминация мен теңсіздікке байланысты.
Жұмыс түрі де маңызды фактор
Әйелдер әлеуметтік салаларда жиі жұмыс істейді, бұл олардың жалақысына әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, және көмекші қызметтер сияқты салаларда жұмыс істейтін әйелдер көбінесе төмен жалақы алады. Бұл салалар қоғам үшін өте маңызды болса да, олар көбінесе төмен төлемақы ұсынады. Себебі олар көбінесе қоғамдық секторға немесе ерікті қызметтерге жатады. Бұл өз кезегінде жалақының төмен болуына себеп болады. Дегенмен де соңғы жылдары білім беру мен денсаулық сақтау саласында жалақы өсті. Бұл жалақы айырмашылығын қысқартуына алып келді.

Әйелдер көбінесе осы салаларда жұмыс істей отырып, өзінің кәсіби дамуына кедергі келтіретін көптеген факторға тап болады. Мысалы, әлеуметтік қызметкерлер мен мұғалімдердің жалақысы жоғары деңгейдегі басқарушы қызметтер мен қаржы салаларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сонымен қатар бұл салалардағы жұмыс әдетте эмоционалды түрде өте ауыр. Ал әйелдер бұл жұмысты орындауға көбінесе ерлермен салыстырғанда көп уақыт жұмсайды.
Салыстырмалы контекст
Гендерлік жалақы алшақтығы — тек Қазақстанға тән мәселе емес. Әлем бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы кең таралған мәселе. Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) мәліметтері бойынша, әлемде әйелдер ерлерге қарағанда, орташа есеппен 20% төмен жалақы алады. Бұл көрсеткіш елдер мен аймақтарға байланысты өзгеріп, кейбір елдерде айырмашылық одан да жоғары болуы мүмкін.
Еуропалық Одақ елдерінде әйелдердің ерлерге қарағанда орташа жалақысы 14,1% төмен екені анықталған. АҚШ-та бұл айырмашылық шамамен 18%-ды құрайды. Азия мен Африка елдерінде бұл көрсеткіштер әдетте жоғарырақ, кейбір елдерде әйелдер ерлерге қарағанда 30% немесе одан да көп төмен айлық алады.
Жалақы айырмашылығының негізгі себептері жоғарыда атап өткен факторларға байланысты, бірақ әр елдің экономикалық жағдайы, мәдениеті және еңбек нарығының ерекшеліктері де маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар соңғы жылдары көптеген елдерде әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы теңсіздігін азайтуға бағытталған саясаттар мен заңдар қабылдануда, бірақ толық теңдікке қол жеткізу әлі де көптеген елдерде шешімін таппаған мәселе болып қала береді.