
Танымал әнші Alem (Батырхан Маликов) өзінің жаңа «ELESTET» әнінің шығу тарихымен бөлісті. Әнші бұл жолы үйде шаң басып жатқан ескі электрогитарадан шабыт алғанын айтты. Гитараны Alem-ге 2019 жылы Eaglez тобы сыйға тартқан екен. Уақыт өте келе, Alem бұл аспаппен түрлі дыбыстарды зерттеп, тәжірибе жасап көріп, нәтижесінде «ELESTET» әуені пайда болған.
«Алғашында гитарадан әртүрлі рифтер ойнап көрдім. Сол сәттерде осы әннің вайбы келді. Әуеннің өзегі гитараның үнінен туды. Қарапайым рифтерді құрастырып отырып, ‘Лондон-Вегас-Прага’ деген жолдар ойыма келді. 2024 жылдың маусымында әннің негізін жазып, кейін сәл кідіріп, “сандыққа» салып қойдым”, – дейді Alem.
Әннің әуені «на-на-на, елесте…» деген бейсөз буындардан басталған. Бұл тәсілді музыкант «Құстар үні» (птичий язык) деп атайды – нақты сөзсіз, тек буындармен әуен құрау. Осы әдіспен құрылған әуен кейін толық мәтінге айналып, әннің атауы да «елестет» сөзімен үндесіп шыққан.
Кейін «Kuiim» әнін жазуға кірістім. Ол да эксперименттік бағытта болды, бірақ нәтиже көңілімнен шықпаған соң, қайтадан «ELESTET»-тегі әдіспен жұмыс істеп көрейін дедім. Шын мәнінде, бұл екі ән бір кезеңде, бір ізденістен пайда болды. Екеуіне де шабыт болған – қазақи әуендер. 90-2000 жылдардағы эстрада стилі, мұң мен шаттықтың қоспасы, мысалы АБК, A’Studio, Жеңіс Сейдоллаұлының әндеріндегі сезім — бәрі осы әннің рухына әсер етті. Сол дәстүрді жаңаша жеткізгім келді.
Мәтіннің авторлары кімдер?
Әннің сөзі төрт автордың ортақ жұмысы: AYRYS (Диас Қайназаров), De Lacure (Ануар Баймұхаев), ZaQ (Дулат Мұхаметқалиев) және Neitron (Айбек Жанысбаев). Әрқайсысы түрлі жерде болғанымен, үздіксіз байланысып, мәтінді бір арнаға тоғыстырған. Alem өзі де шығармашылық бағыт беріп, қай жолды қалай өңдеу керектігін анық айтып отырған.
«ELESTET» пен «Kuiim»: бір көзден шыққан екі бөлек сезім
Alem-нің айтуынша, «ELESTET» пен «Kuiim» бір кезеңде дүниеге келген. Екі ән де эксперименттік негізде жазылған, екеуінде де гитара басты музыкалық тірекке айналған. Дегенмен, эмоциялық тұрғыда бұл екі туынды екі түрлі әлемді бейнелейді.
«Kuiim» – махаббатты қайта сезінуге, алға ұмтылуға шабыттандыратын жылы әуен. Ал «ELESTET» – қашықтықта жүрген қос ғашықтың сағынышы мен нәзік меланхолияны жеткізетін ән. Мұнда үміт те, мұң да бар.
«Бірі – мотивациялық махаббат, екіншісі – жарық меланхолия. Музыкалық жағынан ұқсас болса да, жүрекке әсері бөлек,» – дейді Alem.