Зымыранның көкке көтерілгенін көру үшін «Байқоңырға» арнайы келетін турист көп – Туризм министрлігі

«Байқоңырдан» зымыранның ғарышқа көтерілгенін тамашалау үшін жыл сайын өңірге 2 мың турист келеді. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты.
«Бүгін ғана ғарыш айлағынан зымыран көтерілді. Жалпы әрбір зымыранның ұшқанын көру үшін екі мыңнан астам турист келеді. Бір жылда ғарышқа 10-нан астам зымыран көтерілуі мүмкін. «Байқоңыр» ғарыш айлағының аумағы жалпы Ресей Федерациясының бақылауында. Сол үшін зымыран ұшыруға келген барлық туристер белгілі бір қауіпсіздік процедураларын сақтауы керек. Зымыран ұшырылғанда туристердің көптеп келетіні сонша, қонақүйлерде орын қалмайды. Тіпті ракеталарды ғарышқа дайындау үшін келген қызметкерлердің өзіне орын жетпей жатады», – деді министрлік өкілі.
Министрлік зымыран ұшыру кезінде ғана емес, сонымен бірге басқа уақыттарда да, Байқоңырға баратын туристер санын арттыруды көздеп отыр.
«Бізде нақты жоспар бар. Біз ұшыру аралық кезеңді де туристік өнімге айналдырғымыз келеді. Өңірде балалар мен жасөспірімдер туризмін де дамытуды көздеп отырмыз», – деді Еркінбаев.
Айта кетсек, қазақстандықтар ғарыш айлағына турист ретінде бара алады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Байқоңырға» баратын туристер үшін арнайы «BAIKONUR» мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Қонақтар «Байқоңыр» ғарыш кешенінің барлық объектісіне аралап көре алады. Бұл нысандарға тек зымыран тасығышты дайындау және ұшыру кезінде кіруге рұқсат етілмейді.