Kazakh Tourism ұлттық компаниясына бюджеттен бөлінетін қаражат 20%-ға қысқарған

Kazakh Tourism-ге бюджеттен бөлінетін қаражат 20%-ға қысқарған. Бұл туралы Үкімет кулуарында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы айтты.
«Компанияға бөлінетін қаражат шамамен 20%-ға қысқарды. Біздің ойымызша, қаражат қашан да жетпейді. Өйткені бұл қаражат Қазақстанды шетелге танытуға бағытталған. Сол арқылы туристерді елге көптеп келуіне жағдай жасау. Шетелде көрмелер ұйымдастырылады, әлеуметтік желіде арнайы роликтер әзірленеді. Мұндай шаралар жыл сайын жүргізіледі. Көршілес елдерде бұл шараларға жұмсалатын қаражат 3-4 есе көп», – деді компания өкілі.
Даниел Сержанұлы Kazakh Tourism-нің жүргізген жарнамасының нәтижесінде шетелден келетін туристер санының артқанын мәлімдеді. Айтуынша, Қытайдан келетін туристер саны 80%-ға, Үндістаннан келетін туристер саны 3 есе, Италиядан келетін туристер саны 1,5 есе артқан.
«Былтыр туризмнен түскен салық көлемі шамамен 500 млрд теңгеге таяды. Бұл бізге, яғни маркетингке бөлініп жатқан қаражатты толық ақтайды», – деді ұлттық компания өкілі.
Kazakh Tourism бюджеті қанша?
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев биылғы Kazakh Tourism бюджеті, 2019 жылғы бюджетпен салыстырғанда 2-3 есе аз екенін айтты.
«Kazakh Tourism ұлттық компаниясының биылғы бюджетін 2019 жылдың бюджетімен салыстырсақ; осы жылғы бюджет 1,2 млрд теңгені құрады. Ал 2019 жылы бұл сома 3,2 млрд теңгені құраған болатын», – деді Еркінбаев.
Министрлік өкілі ұлттық компанияның бюджетін басқа елдермен де салыстырды. Министрлік мәліметінше, Өзбекстанда бұл салаға 9 млн доллар, Қырғызстанда 12 млн доллар, Әзірбайжанда 32 млн доллар, Грузияда 86 млн доллар бөлінеді.
«Біздің бюджетіміз басқа елдермен салыстырғанда біршама төмен. Бірақ соған қарамастан, сырттан келген туристердің саны біздің елде басым. Өзбекстанға өткен жылы 10,2 млн турист сырттан келген. Олар әрбір шекарадан өткен адамды турист деп санайды. Ал біз елде бір күнге қалған адамды турист деп санаймыз. Сол санақ бойынша елге биыл 10,4 млн турист кірді. Демек, біздің туризмді дамытуға қатысты атқарып жатқан жұмыстарымыз жақсы нәтиже беріп жатыр», – деді ұлттық компания өкілі.