Ақтауда бес күн ішінде үш бірдей сәби терезеден құлап кетті

Ақтауда бес күн ішінде үш бірдей сәби терезеден құлап кетті. Олар Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына түскен.
Дәрігерлер ата-аналарды балаларына барынша мұқият қарап, оқыс жайттардан сақ болуға шақырып жатыр.
Дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресіп жатыр
Lada.kz ақпаратына қарағанда, көктем келгелі бері облыста балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кеткен. 3 сәуір күні 4 жастағы қыз бала 19-шағынаудандағы үйдің терезесінен құлап, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ол жансақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл түрде бас сүйегіне ота жасалды. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
Жағдайлары орташа ауыр
6 сәуірде Маңғыстау станциясынан 5 жастағы ұл бала төртінші қабаттан құлап, миы шайқалып, жамбасы мен сан сүйегі сынған. 7 сәуірде 3 жастағы бала 22-шағынаудандағы бесінші қабаттың терезесінен құлаған. Үшінші қабаттың терезесінің ернеуіне түсіп аман қалғанымен, бас сүйегінің және қол сүйегінің сынуы сияқты жарақаттар алған.
Екі баланың да жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Олар есін біледі, бірақ ұзақ ем қажет.
Нейрохирург дабыл қақты
Балалар нейрохирургі Ербол Кенжебаев ата-аналарды терезеге арнайы шектеу құрылғыларын орнатуға, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмауға шақырып отыр. Оның айтуынша, маса торлары ешқандай қорғаныш құрал емес, олар тек жәндіктерден сақтайды. Алайда баланы құлаудан сақтай алмайды.
Кенжебаевтың айтуынша, балалар биіктіктен құлаған кезде көп жағдайда көпжақты жарақаттар алады. Олардың салдары өмір бойғы мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін. Тіпті кейде көрінерлік жарақат болмаса да, ішкі жарақаттар болуы ықтимал.
«Сондықтан дәрігерге міндетті түрде қарату қажет. Тіпті бала тек орындықтан немесе төсек үстінен құласа да», – дейді дәрігер.
Мұның алдында Алматыда екі оқушы терезеден құлап кеткен еді.