Көлік жолда малды қағып кетсе, иесі кінәлі – «ҚазАвтоЖол»

Көлік жолда малды қағып кетсе, бұдан былай жауапкершілікке жануардың иесі тартылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» мәлімдеді.
Компанияның мәліметінше, соңғы кездері үй жануарлары республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына жиі шығып кетіп жатыр.
Жүргізуші жауапқа тартылмайды
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жан-жануар мен көлік соқтығысқан жағдайда, жауапкершілік үй жануарының иесіне жүктелетінін ескертеміз», – деді «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі.
Компания 2017 жылы 6 қазан да шығарылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының №7 Нормативтік қаулысының 26-тармағын алға тартып отыр. Бұл қаулыға сәйкес, «Мал айдау» (1.24) белгісі жоқ аймақта қағылған мал өліп қалса, жылдамдықты арттырмаса, жол ережесін сақтаса, жүргізуші жауапқа тартылмайды.
Қауіпсіздік шараларын сақтау керек
«Мұндай жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне үй жануарлары иелерінің және ірі қараға жүк артып, әбзелдейтін азаматтардың тиісті бақылау жүргізбеуі себеп болып отыр», – деп жазады компанияның баспасөз қызметі.
Сондықтан қадаламаған малдың иесіне жауапкершілік жүктеледі.
«Иелерінен жануарларын мұқият бақылап, автожолдарға шығуына жол бермеуін, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз», – делінген компания ақпаратында.
Осы орайда, айта кететін жайт, Ұлттық экономика министрлігі Қазақстандағы ақылы жолдардан 200 млрд теңге жинамақ ниетті.