Қайрат Нұртастың «басы» қанша тұрады?

Жарияланды 8 Сәуір 2025 17:11

Ольга Знаменская

Ольга Знаменская

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Қайрат Нұртастың "басы" 230 мың теңге тұрады./Коллаж: Ольга Знаменская
Қайрат Нұртастың «басы» 230 мың теңге тұрады./Коллаж: Ольга Знаменская

Қайрат Нұртас – тойлар мен кештерге көрік беретін әнші. Бірақ оның тойға келуі үшін 5 млн теңге шығындануыңызға тура келеді.

Жұмыртқадан жүн қырқатын пысықтар Алматыда танымал әншінің баламасын жасап, табыс тауып жатыр. Олар әртістің дәл көшірмесін – адам бойындай қуыршақты сатып жүр.  

Бұл қуыршақтарды кім жасайды?

Тек қана Қайрат Нұртастың емес, ресейлік өнер жұлдыздары – Стас Михайлов, Моргенштерн, Инста Самка және басқа да әншілердің қуыршақтары бар.

Мұндай қуыршақтарды Rostokukla компаниясы жасап шығарады. Оның қожайыны – Еркен Батырбеков. Оның айтуынша, жұлдызды бастарды той мен туған күндерге ғана тапсырыс бермейді екен. Тапсырыс берушілердің дені – бизнес өкілдері. Олар әнші-қуыршақтарды мейрамханалар мен дүкендерін ашуға, проакция, көрме және өнімдерін таныстыру рәсімдерін өткізуге алады. Rostokukla клиенттерінің тізімінде банктер, дүкендер желілері мен фастфуд-нарығы да бар.

Қайрат Нұртастың «басы» – 230 мың теңге

Жұлдыздардың бастары тез дайындалады екен. Небәрі екі-үш күн уақыт кетеді. Ал дайын қуыршақтарды өндірушілер әлемнің кез келген түкпіріне жеткізіп береміз деп сендіреді. Қайрат Нұртастың басына Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі қалалардан көп тапсырыс түседі екен. Әсіресе, Шымкент өзгелерді жолда қалдырып тұр.

Қазақстандық әншінің басы 230 мың теңге тұрады. Мамандар бастың көлемін тапсырыс берушінің қалауынша жасап бере алады.

Трампты да, Илон Масктің де қуыршағын жасай алады. Іс-шараңызда экслюзивті кейіпкердің болғанын қаласаңыз, дизайнердің жұмысы үшін 30 мың теңге артық төлеуіңізге тура келеді. Үш күннің үшінде мамандар 3D көмегімен кез келген адамның бет әлпетін жасап бере алады.

Мұндай қуыршақтарға сұраныс көп. Үш жылдың ішінде Rostokukla 5 мыңнан аса қуыршақ сатқан. Әртістерден бөлек, аю, қоян және басқа да аңдар бар.

Бастар неден жасалады?

Қуыршақтардың басы поролон мен жұмсақ флистен жасалады. Салмағы 3-5 келідей шығады. Сондықтан бұл қуыршақтар ересек адамдарға арналады. Дизайнерлер жұлдыздарды айнытпай жасаймыз деп уәде беріп отыр.

Бастан бөлек, Қайрат Нұртастың, Моргенштерн мен Стас Михайловтың костюмдерін де сатып алу қажет.

«Клиенттер жақсы пікір қалдырып жатыр. Күтіп ұстаса, өнімдеріміз үш жылға дейін қызмет етеді. Кейбіреулер іс-шаралар ұйымдастыру бизнесін дөңгелетіп отыр», – дейді Еркен Батырбеков.

OLX порталында «жұлдыз болып құттықтау білдіре аламыз» деген жарнамалар кездеседі. Клиентке жұлдыздың басын киген аниматор келеді. 15 минутта 10-15 мың теңге тауып кетеді. Осы уақыт ішінде қонақтар жұлдызбен суретке немесе камераға түсе алады.

Мұның алдында Қайрат Нұртастың отбасылық суреті сынға қалғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз