Мектеп жанындағы лагерлерде кімдер жұмыс істей алады

Жазғы демалыста мектеп жанында ұйымдастырылатын лагерлерде педагог-ұйымдастырушылар екі аптадай жұмыс істейтін болды. Өйткені бұған Оқу-ағарту министрлігінің жазғы лагерьлерді ұйымдастыру бастамасы себеп.
3 миллион оқушы түрлі бағдарламаларға тартылады
Министрліктің ақпаратына қарағанда, 2025 жылы 3 миллионнан астам оқушы сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамту бағдарламаларымен қамтылмақ.
Ведомство жазғы маусымға дайындықты бастап та кеткен.
«2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар», – делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар жазғы демалыста 10 мың бала тегін демалады. Бұған «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
Оқушылар не істейді?
Министрліктің мәліметінше, оқушылар үшін жазғы демалысы кезінде түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Еңбекке баулитын бағдарламаларды айтпағанда, шығармашылықты дамыта алады. Туристік сапарларға шығып, таным көкжиегін кеңейтетін маршруттармен жүріп өтпек. Мұнымен қатар, зияткерлікке, білімге қатысты іс-шараларға қатысып, халықаралық жобалар мен форумдарды тамашалай алады.
Бұл шараларды 9 мемлекеттік орган ұйымдастырған. Арнайы әзірленген бірыңғай жоспар да дайын. Жазғы демалысқа арналған арнайы республикалық және өңірлік деңгейде штабтар құрылмақ. Сондай-ақ, демалыс орталықтарының тізімі жасалып, жұмысын бастағалы отыр.
Қауіпсіздік басты назарда
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады», – деп мәлімдеді министрлік.
Ондағы мақсат – демалыс мәдениетін қалыптастыру. Арнайы әзірленген нұсқаулық, жадынама мен гайдбук балалар мен ата-аналардың қолына тиеді.
Қанша лагер жұмыс істейді?
« Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады», – дейді министрлік.
Жазғы демалыста биыл тұрақты жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оның бірқатар мекемелерде тегін тамақтандыру қарастырылған. Министрлік дерегінше, 512 шатырлы, киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылуы тиіс. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл шараға педагогтар, студенттер мен еріктілер тартылады.
Мұның алдында мұғалімдерге мерекелерде ата-аналардан сыйлық алуға қатаң тыйым салынғаны туралы жазған едік.