Миллиардерлер Трамп саясатына қарсы шығып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дональд Трамптың 200-ден астам елге 10-нан 50%-ға дейін кедендік баж салығын енгізу туралы шешіміне президенттік кампаниясының ең ірі демеушілері наразы болып жатыр.

Илон Маск кедендік баж жоспарын әзірлеуде басты рөл атқарған президент кеңесшісі Питер Наварроны қатты сынға алды. Тіпті ол Трамптың өзімен тікелей байланысқан, бірақ еш нәтиже бермеді деп жазады The Washington Post. Маск Трамптың ең басты демеушілерінің бірі, сайлау науқанына шамамен 290 млн доллар салған.

Ал АҚШ-тағы құрылыс материалдарын сататын Home Depot сауда желісінің иесі және республикашыл партияның бұрыннан келе жатқан демеушісі Кен Лэнгон баж салығын тым жоғары және орынсыз деп бағалады. Мәселен, Вьетнамға салынған 46%-дық баж салығын ол «сандырақ», ал Қытайға қосымша 34%-дық салықты «тым агрессивті» деп атады. Лэнгонның пікірінше, «басқаруға оңай әрі әлдеқайда нәтижелі» тәсіл — барлық импорттық тауарға 10% бірыңғай тариф енгізіп, кейін елдермен екіжақты келіссөздер жүргізу.

Осыған ұқсас пікірді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің тәлімгері саналатын инвестор Стэнли Дракенмиллер де айтты. Ол X желісінде: «Мен 10%-дан асатын тарифтерді қолдамаймын», — деп жазды. Трамптың президенттік кампаниясын қаржыландырған миллиардер Билл Экман бұл баждарды «саяси қате қадам» деп атады.

Бұл шараға Трамптың алғашқы президенттік мерзіміндегі қаржы министрі Уилбур Росс та қарсы шықты. Ол жағдай өзінің күткенінен әлдеқайда «күрделірек» екенін, әсіресе, Вьетнам (46%), Камбоджа (49%) және Қытайға ( 54%) әсері айтарлықтай екенін айтты.

Дональд Трамптың екі жүзге жуық елге кедендік баж салығын көтеру туралы жарлығы бірнеше күннің ішінде әлемдік нарықтарға үлкен соққы болды. Трамптың баж салығынан кейін, қор нарығында құлдырау басталды. 7 сәуірдегі саудада Stoxx Europe 600 индексі 5,16%-ға төмендеді. Ал Азиядағы жапондық Nikkei 225 – 7,68%, оңтүстіккореялық Kospi – 5,57%, гонконгтық Hang Seng – 13,2% жоғалтты.

Бірақ бұл Трампқа тоқтау болмаған секілді. Бүгін ол егер Бейжің америкалық тауарға қосымша 34% баж салығынан бас тартпаса, Қытайға қосымша 50% баж салығын енгізетінін айтты.

«Егер Қытай 34% қосымша салығын 2025 жылғы 8 сәуірге дейін алып тастамаса, Құрама Штаттар Қытайға 9 сәуірден бастап 50% қосымша баж салығын енгізеді», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ оқыңыз