
Орталық Азияны таныстырып отырған қазақстандық финтех-стартап Investbanq әйгілі Meet the Drapers шоуының финалына өтті. Енді ең үздік жеті стартаппен бірге 1 млн долларға таласады.
Meet the Drapers қандай шоу?
Meet the Drapers – стартаптарға өз идеясын таныстырып, ықпалды инвесторлардың назарын аударуға, халықаралық стартап-экожүйеге енуіне көмектесетін әйгілі венчурлік шоу. Қатысушылар әлемдік инвесторлар әулеті Дрейперлер отбасына өз идеяларын ұсынады. Қазылар алқасы құрамында Tesla мен SpaceX-ке инвестиция салған венчурлік капиталист Тим Дрейпер, оның әкесі Билл Дрейпер мен қарындасы Полли Дрейпер бар. Ал арнайы шақырылған қазылар ішінде Kaspi.kz негізін қалаушысының бірі Михаил Ломтадзе, Freedom Holding Corp холдингінің иесі Тимур Турлов та болды.
Шоудың жетінші маусымының түсірілімдері Абу-Даби, Париж, Остин, Майами, Нью-Йорк, Карачи, Кремний алқабы және Астанада өткен. Қазақстандық кезең Digital Bridge 2023 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды. Оған Тим Дрейпер арнайы келіп қатысқан. Шоуға қатысу үшін Astana Hub резиденттері – Arlan Biotech, Investbanq, Idos Games және Teen Tech Ed іріктелді. Олар қатысқан эпизодты мына сілтеме арқылы көруге болады.
Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект платформа
Investbanq — Орталық Азиядағы акция, облигация тәрізді инвестициялық мүмкіндіктерге қолжеткізуге мүмкіндік беретін платформа. Нарықтағы қатысушыларға капиталды тиімді басқару бойынша құрылғылар ұсынады.
Негізін қалаушы Олжас Жиенқұлов – Сингапурде инвестициялық компаниясын ашқан, брокерлік және консалтиң компанияларды істеген талай жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер.
«Финалға өтуіміз – технологиялық шешімдеріміз бен капиталды басқарудағы тың көзқарасымыздың мойындалуы. Біздің платформа заманауи технологияны нарықты терең түсінумен ұштастырып, қаржы ұйымдарына арналған бірегей шешімдер ұсынады. Халықаралық деңгейде Орталық Азияны танытып отырғанымызды мақтан етеміз», – дейді ол.
Investbanq шоуға қатысуды осы жылы қаңтардан бастады. Енді реалити-шоудың финалы 18 сәуірде өтеді, Meet the Drapers ресми сайтынан көруге болады.