Салық соғысы. ЕуроОдақ АҚШ-қа қандай жауап қайтарады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ЕуроОдақ АҚШ-қа қандай жауап қайтарады/Фото: Shutterstock

ЕуроОдақ Трамптың жаңа салық саясатына қарсы жауап дайындап жатыр. Еурокомиссия Трамп енгізген баж салығына жауап ретінде бірқатар америкалық тауарға 25%-дық баж салығын енгізуді ұсынды.

Ұйымның ұсынысына сәйкес, кейбір тауарларға салық 16 мамырдан, ал қалғандарына 1 желтоқсаннан бастап салынады. Reuters-тің мәліметінше, баж салығы салынатын тауарлар қатарына гауһар тастар, тіс жібі, шұжықтар, жаңғақтар мен соя кіреді.

ЕО қазір қарсы шаралар бойынша ұсыныстарды жинап жатыр. Одақтың сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчовичтің айтуынша, бұл мәселе бойынша дауыс беру 9 сәуірде өтеді.

«15 сәуірде түпкілікті тізім бекітіледі, алғашқы баждар сол күні күшіне енеді, ал қалғандары 15 мамырда енгізіледі», – деді ол Люксембургте өткен ЕО сауда министрлерінің кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында. Шефчович ЕО АҚШ-пен баж салығы бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ «мәңгі күтпейтінін» атап өтті.

«ЕуроОдақ бізге залал келтіргісі келеді»

Трамп әзірге ЕуроОдаққа қатысты саясатын өзгертуге ниетті емес. Ол «Еуропалық Одақ елдерінің бірігуінің мақсаты – сауда саласында Америка Құрама Штаттарына залал келтіру» деп мәлімдеді.

«Еуропа бізге өте әділетсіз қарайды. Олар біздің көліктерімізді алмайды. <…> Ауыл шаруашылығы өнімдерімізді де қабылдамайды. Олар іс жүзінде ештеңе алмайды. Ал өздері жыл сайын миллиондаған көлікті бізге жібереді. <…> Бұл бұлай жалғаса алмайды. Сауда әділ және өзара тең болуы керек», — деді ол ЕО-мен екіжақты сауда қатынасы туралы сөйлегенде.

Трамптың айтуынша, Брюссельден жасалатын жеңілдіктер кедендік баждарды алып тастау үшін жеткіліксіз. Мәселе тек баждар мен алымдарда ғана емес, сондай-ақ ақшаға қатысы жоқ сауда кедергілерінде жатыр. Мысалы, ЕО-ның экспортқа шектеу қоятын техникалық талаптарын өзгерту керек. Сонымен қатар, Трамп Еуроодақ өз валютасымен манипуляция жасайды деп санайды. Оның айтуынша, «олардың валютасы – арзан, ал біздікі – әлдеқайда қымбат», бұл да саудаға кедергі келтіреді.

12 наурыздан бастап ЕуроОдақтан АҚШ-қа импортталатын болат пен алюминийге 25%-дық баж салығы күшіне енді. Ол баж салығының жалпы құны — 28 млрд доллар. Сол күні Трамп жариялаған қарсы баж салығы да күшіне енеді. ЕО үшін бұл баж мөлшері 20% болады.

Бұған дейін Трамп Қытай 34% жауап бажын жоймаса, оған қосымша 50%-дық баж енгізетінін ескерткен еді. Мұндай жағдайда Қытайға қатысты жалпы баж мөлшері 100%-дан асады.

Сондай-ақ оқыңыз