Банк пен қаржы

Доллар қымбаттай берсе, Ұлттық Банк нарыққа араласуы мүмкін

Теңге курсына Ұлттық банк ықпал етуі мүмкін / Фото: shutterstock

Ұлттық Банк соңғы күндері доллардың күрт қымбаттап кетуіне байланысты пікір білдірді. Егер теңге бағамы одан әрі әлсірей берсе, реттеуші нарыққа араласуы мүмкін.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, «жаһандық нарықтағы құбылмалылықтың артуы мен экспорттық тауарлар бағасының арзандауына байланысты» ұлттық валюта бағамы әлсірей түскен. АҚШ президенті әкімшілігінің саяси шешіміне байланысты жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылық күшейді. Негізгі қор индекстерінің динамикасы теріс аймаққа түскен. Мұнай бағасы да айтарлықтай арзандады. Осының барлығы ел нарығындағы доллар-теңге жұбына да әсер еткен.

«Ұлттық валютаға сыртқы факторлар, соның ішінде әлем бойынша тәуекел-сентименттің нашарлауына байланысты бейрезиденттердің шетел валютасына деген сұранысы артқаны ықпал етіп отыр», – деп жазылған Ұлттық Банк хабарламасында.

7 сәуірде биржадағы бір доллар 519 теңгеге дейін қымбаттады. Бір тәулікте KASE-дегі операциялар көлемі 456,4 млн долларға жетті. Бұл жыл басынан бергі орташа сауда көлемінен екі есеге артық. Бір апта ішінде ұлттық валюта 2,9%-ға әлсіреген.

Ұлттық Банк қандай шара қабылдайды?

Реттеуші валюта нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ «ешқандай интервенция жүргізбегенін» атап өтті. Дегенмен «қажет болған жағдайда, айырбас бағамын тұрақсыздандыратын шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға дайын».

Әзірге, бұрынғыдай ұлттық валютаға қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Бюджет трансферттері мен аффинаждалған алтынды сатып алуға байланысты шетел валютасын сату операциясын жүргізіп жатыр.

7 сәуір күні ұлттық валюта күрт құнсызданып, кешкі саудада теңге/доллар жұбындағы орташа бағам 519,12 теңгені құрады. Сарапшылардың пікірінше, егер мұнай бағасы 60 доллардан төмен түссе, сарапшы доллар бағамы 530-ға дейін жетуі мүмкін. Ал бір баррелі 50 долларға дейін арзандаса, доллар бағамы 580 теңге болуы ықтимал.

Осыған дейін Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін валюталық интервенция жүргізген еді. Былтыр қарашада биржада доллар бағамы 513 теңгеден саудаланған кезде, реттеуші интервенция жасаған. Нарыққа 400 млн долларға жуық валюта шығарды.