Әлемнің ірі қаржы нарықтары қайтадан нығайып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Азия мен Еуропа қаржы индекстері қалпына келіп қалды / фото: shutterstock /gopixa

Дональд Трамптың салық саясатынан қатарынан бірнеше күн бойы толқыған әлемнің ірі қаржы нарықтары есін жиды. Сейсенбі күні ірі акциялар нығайып, қаржы индекстері бой түзеді.

Еуропада қаржы нарықтарындағы жағдай

Financial Times мәліметінше, Азия нарығы қайта көтеріліп жатқан уақытта ашылған Еуропа қаржы индекстері де өсім көрсетті. Мысалы, Stoxx Europe 600 индексі 1,7%-ға нығайды. FTSE 100 индексі болса 1%-ға көтерілді.

Бұл уақытта DAX (Deutscher Aktienindex) – Германияның маңызды қаржы индексі 1,2%-ға өсті.

Мәселен, немістің Dax индексі 1,2%-ға көтерілді / фото: REUTERS/Joachim Herrmann

Индекстер өткен аптада Трамп жаңа тарифтер жариялаған уақыттағы деңгейге қайтадан көтерілген. Акциялар негізінен дүйсенбі күні қатты құлаған еді.

Азия есін жиды

Азия нарығында жапонның Topix-і 6%-ға нығайды. Себебі Токио мен Вашингтон сауда келіссөздерін жүргізуге келіскен.

Құрама Штаттармен сауда соғысын одан сайын шиеленістіріп жіберген Қытайдың CSI 300 индексінің өзі 0,7%-ға нығайған.

SSE Composite — Шанхай қаржы биржасының индексі дүйсенбіде жіберген есесінің жартысын қайтарып үлгерді. Оның үстіне Қытайдың бірнеше мемлекеттік холдингі акцияларға инвестицияны көбірек бөлеміз деп отыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Үндістанның Nifty 50 қаржы индексі 2,2%-ға көтерілді. Ал Гонконгтың Hang Seng индексі таңертең көтеріліп, кейін 0,2%-ға ғана төмендеген.

Валюта нарықтарында АҚШ доллары 0,5%-ға әлсіреген. Фунт стерлинг 0,5%-ға, ал еуро 0,6%-ға нығайған. Швейцария франкі мен иеннің долларға шаққандағы бағамы күшейген.

BNP Paribas бөлім басшысы Вэй Лидің айтуынша, Азия нарықтары дүйсенбіге қарағанда әлдеқайда есін жиып қалды. Бірақ ол мұның артында «күдік пен түсінбеушілік» жасырынып тұрғанын ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз