Қазақстанда алты ұйымдасқан қылмыстық топ, 24 қаржы пирамидасы жабылды

Қазақстанда қаржыға қатысты алты ұйымдастық қылмыстық топтың, соның ішінді бір трансұлттық топтың көзі жойылды. 24 қаржы пирамидасы жабылды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбіде Ақордада қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Мекеме басшысы президентке есеп беріп, алдағы уақытқа арналған міндеттерін таныстырды.
Трансұлттық қылмыстық топ жабылды
Ақорда мәліметінше, агенттік 300 қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқтаған; зардап шеккен азаматтарға 20 млрд теңгеге жуық өтемақы қайтарылған.
Бұған қоса, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың 2,2 млрд теңге болатын криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстары бұғатталған.
Сонымен бірге республикада алты ұйымдасқан қылмыстық топ, соның ішінде бір трансұлттық топ жойылған.
Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда 23 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді дейді агенттік төрағасы.
Құзырлы мекеме ағаш пен темірдің заңсыз экспорттарының жолын кесіп, жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың ірі схемасын жойған. Бұл ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді деп есептейді Элиманов.
Жиырмадан аса қаржы пирамидасы жабылды
Элиманов азаматтарды қорғауға ерекше назар аударылып отыр дейді. Атап айтқанда, заңсыз жұмыс істеген шағын қаржы ұйымдарының желісі анықталды. Олардан 327 мың азамат зардап шеккен. Келтірілген залал мөлшері 30 млрд теңге болған.
Сонымен бірге республикада 24 қаржы пирамидасы жойылды. Алаяқтық схемаларды таратқан 5,6 мың сайт бұғатталды. 22 мыңнан астам мүшесі бар 30 топтық чат пен аккаунт жабылды.
Президент агенттік басшысы экономикалық құқық бұзушылықтың алдын алуды, көлеңкелі айналымның үлесін азайтуды, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыруды, халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды.