Трамп: АҚШ пен Иран тікелей келіссөз жүргізеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ пен Иран келіссөз жүргізіп жатыр / фото: REUTERS/Dado Ruvic

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп АҚШ пен Иран өкілдері сенбі, 12 сәуір күні кездесетінін мәлімдеді. Бұның алдында Трамп Иранға әскери және экономикалық соққы жасаймын деп қорқытқан.

Бұл туралы ол Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен уақытта айтты деп хабарлайды The Times of Israel.

«Біз Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатырмыз. Келіссөздер басталып кетті. Сенбі күні үлкен кездесу болады. Қалай өтетінін көре жатармыз. Тараптар өзара тиімді келісімге келеді деп ойлаймын», – дейді Трамп журналистерге.

Нетаньяхудың мәлімдеуінше, Трамп екеуі Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бергісі жоқ.

«Бұған дипломатиялық әдіспен жету қажет болса, тіпті жақсы болар еді», – деген Нетаньяху.

Трамп биыл қаңтарда екінші мәрте билікке келгелі бері Иранмен жаңа ядролық келісімге отырғысы келетінін жиі айтып жүр. Наурыздың аяғында Иран екі айдың ішінде сөзге келмесе, әскери және экономикалық соққы жасаймын деп қорқытқан.

Сәуірдің басында Daily Mail АҚШ пен Израиль бірнеше аптадан соң, Иранға соққы жасауы мүмкін деп жазған.

Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің Вашингтонмен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Бұл уақытта Иранның жоғары көсемі аятолла Әли Хаменеи елдің қарулы күштерін мейлінше дайындық жағдайына көшіріп, көрші елдерге АҚШ-қа қолдау көрсеткені үшін жауап беретінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз