Түрік компаниясы Абай облысында 482 млн долларға кен комбинатын салады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түрік компаниясы Абай облысына инвестиция құяды / фото: Абай облысы әкімдігі

Түркияның Miryidiz Mining компаниясы Абай облысында 482 млн долларға тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, сейсенбі күні облыс әкімі Берік Уәлі шетел инвесторларымен кездесті. Инвесторлар былтыр Абай облысында заңды тұлға ретінде тіркелген.

Компания өңірде барлау жұмыстарын жүргізіп, өндірістік нысандарға қажет жабдықтарды сатып алған. Инвесторлар облыс әкіміне жұмысты бастауға дайын екенін, тек жерді рәсімдеуге байланысты қиындықтар туындап отырғанын жеткізіп, көмек көрсетуді сұрады деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Аймақ басшысы өндірістік жобаның облыс экономикасы үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Бұл – біздің облыс үшін үлкен инвестиция. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірге әлеуметтік нысандар салуға шақырамыз. Біз сіздерді барлық жағынан қолдауға дайынбыз. Құжат рәсімдеуге байланысты кедергілерді шешу жолдарын қарастырамыз. Көмектесеміз» деді Берік Уәли.

Инвесторлар аймақ басшысының ұсынысын қолдап, жоба жүзеге асса мектеп, аурухана секілді нысандарды салуға дайын екенін білдірді.

Әкімдік мәліметінше, 1997 жылы негізі қаланған Miryidiz Mining компаниясы тау-кен өндірісімен, энергетика саласымен шұғылданады. Түркияда, сонымен бірге Африка елдерінде кен барлау жұмыстарымен айналысады. Компания жылына 1 млн тоннаға жуық мыс өндіреді.

Сондай-ақ оқыңыз