Трамп тағы 50% салық салам деп Қытайды қорқытты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы шиеленісіп барады / фото: REUTERS/Kevin Lamarque

Бейжің америкалық тауарға қосымша 34% баж салығынан бас тартпаса, АҚШ Қытайға қосымша 50% баж салығын енгізеді. Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді.

«Егер Қытай 34% қосымша салығын 2025 жылғы 8 сәуірге дейін алып тастамаса, Құрама Штаттар Қытайға 9 сәуірден бастап 50% қосымша баж салығын енгізеді», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі әлеуметтік желіде.

Сонымен бірге Трамп Қытаймен арадағы келіссөздердің бәрі тоқтайтынын, ал басқа елдермен кездесулер тез арада басталатынын мәлімдеп үлгерді.

Қазір АҚШ Израильмен, Жапониямен келіссөз жүргізіп жатыр. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху 7 сәуірде Ақ үйде кездесу өткізіп үлгерді.

Трамптың мәлімдеуінше, Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба телефонмен әңгімеде үкімет деңгейінде келіссөз жүргізуге келіскен. АҚШ Жапонияға 24% баж салығын енгізгені мәлім.

Әлем елдері АҚШ президенті Дональд Трамптың көңілін табуға тырысып жатса, Қытай билігі басқаша жол таңдады. Бейжің америкалық тауарларға қосымша 34% баж салығын енгізді.

Әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы сауда соғысының шиеленісуінен АҚШ-та да, Азияда да, жалпы бүкіл әлемде акциялар мен бағалар құлдырап жатыр. Сауда соғысының арты неге әкеп соқтыратынын ешкім болжап біле алмайды. Себебі Бейжің мен Вашингтон бір-біріне салық салуды доғаратын түрі жоқ.

Қытай Трамптың тариф дағдарысын мүмкіндікке айналдыруға тырысып жатқанын Kursiv.Media материалынан оқыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз