Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен ел бюджетіне 400 млн теңге пайда түседі

Жарияланды 8 Сәуір 2025 11:59

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда «Астана Аренада» концерт береді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Дженнифер Лопес пен басқа да әлемдік жұлдыздардың Астанада өтетін концерті Үкіметте талқыланды. Олжас Бектеновке есеп берген Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деп болжады.

Джей Ло концерті Қазақстанға қандай пайда әкеледі

Мәлік Хасенов әлемге әйгілі өнер жұлдызының концерті толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылатынын атап өтті.

 «Дженнифер Лопестің келуі – Астананың A класты жұлдыздар гастрольдік картасында жаңа кезең ашатын маңызды оқиға болмақ. Шетелден 15 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар.  Қала экономикасына қосатын жалпы үлес 6,5 миллиард теңге көлемінде болады, бұл  HoReCa жүйесіне (қонақүй-ресторан бизнесі сегменті) және концерттен түскен 400 миллион теңгеден астам тікелей салықтық түсімдерден тұрады», – деді Хасенов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы мәдени туризм саласында үздік болуға барлық қажетті ресурстар барын айтады. Астана әкімдігімен бірлесіп алдағы үш жыл ішінде елордада А класындағы жұлдыздардың 10 концертін өткізуді көздейтін іс-шаралық туризмді дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеу жоспарлануда. 

Олжас Бектеновтің пікірі

Үкімет басшысы Олжас Бектенов әйгілі әншіні Қазақстанға тартқан «Астана концерт» компаниясын мақтап, алдағы уақытта қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

«Біз сізбен осыған дейін бірнеше  мәрте кездесіп, әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарын тарту туралы жоспарыңызды талқылаған болатынбыз. Бұл  ұсынысыңыз жүзеге асқанына қуаныштымын.  Әрине  бұл оңай емес, ұзаққа созылғанын білемін. Себебі мұндай концертті ұйымдастыратындар өте жоғары деңгейдегі талаптарды қояды.. Қазақстанды осындай  концерттер үнемі өтетін мекенге айналдыру үшін бұл жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан тиісті қолдауды көрсетеміз», – деді уәде етті Олжас Бектенов.

Концерт жайлы…

Айта кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыз