
Әйгілі әнші Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билеттер 40 мыңнан басталып 150 мың теңгеге дейін барады. Билет сатылымы алдағы бір-екі күнде басталады. Бұл туралы «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов мәлім етті.
Біз сатып алушыларды делдалдардан қорғау үшін еуропалық тәжірибені зерттедік. Сол себепті біз орташа бағаны белгіледік. Бұл 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін болады,- деді Хасенов «За нами уже выехали» Telegram арнасына берген сұхбатында.
Продюсердің айтуынша, билеттер сатылымы бір уақытта төрт елде ашылады. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан тыңдармандары үшін қолжетімді болмақ.
«Біз квоталарды елдер бойынша бөлеміз. Сонымен қатар турпакеттерге арналған жеке квоталар болады. Ол турпакетке – концертке билет, ұшақ билеті, орналасу (қонақ үй-авт) және кейбір экскурсия түрлері кіреді. Менің ойымша, бір-екі күнде билеттер сатылымы басталады», – деп толықтырды Хасенов.
Дженнифер Лопес концерті қашан өтеді
Айта кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді.
Дженнифер Лопес пен басқа да әлемдік жұлдыздардың Астанада өтетін концерті бүгін, 8 сәуірде, Үкімет қабырғасында да талқыланды. Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деген болжам айтып отыр. Өнер жұлдызының концерті толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады.