Қазақстанға келген шетелдік туристер күніне қанша доллар жұмсайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2024 жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам шетел азаматы келген / Фото: kursiv.media архиві 

Қазақстанға келетін шетелдік туристер орташа есеппен үш-төрт күн ішінде 1,5 мың доллар (шамамен 787 мың теңге) шамасында ақша жұмсайды. Мұндай мәліметті  Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев келтірді.  

2024 жылы Қазақстанға 15 млн турист келгені рас па

Министр орынбасары келтірген дерекке сенсек, өткен жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам шетел азаматы келген. Алайда олардың 10,4 млн-нын ғана туристер деп санауға болады. Өйткені олар Қазақстанда бір күннен артық уақыт өткізгендер.

Шенеуніктің «10 млн турист келді» деген есебіне журналистер күмән келтіріп, түсіндіріп беруін сұрады.

«10,4 млн шетелдік турист Қазақстанға әртүрлі мақсатпен келгендер. Мысалы, туыстарына  келгендер болуы мүмкін, олар да турист ретінде саналады. Тауда демалу, шаңғымен сырғанау үшін саяхаттап келгендер немесе компаниялардың іссапармен келген делегаттары бар, олар – бизнес-туристер. Медициналық туризммен келгендер, оқу үшін келген студенттер де туристер есебіне жатады», – деп түсіндірді Еркінбаев.

Десе де шетелден кегендердің тек 1,3 млн адамы ресми түрде қонақүйлер мен хостелдерге тіркелген. Қалған 9 млн турист туыстарында немесе шатырда түнеуі мүмкін. Министр кейбір орналастыру орындары мәліметті дұрыс бермейтінін айтады. Сол себепті мұндай олқылықтарды болдырмас үшін салаға цифрлық бақылау жүйесі енгізілмекші.

Шетелдіктер Қазақстанда 1,5 мың АҚШ долларын жұмсайды

Вице-министр Қазақстанға келген туристердің орташа есеппен қанша қаржы жұмсайтыны туралы да мәлімет берді.

«Туристердің шығындары туралы бізде Ұлттық банк тарапынан жалпы мәліметтер бар. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, алыс шетелден келген туристер Қазақстанда орта есеппен 3–4 күн ішінде шамамен 1,5 мың АҚШ долларын жұмсайды. Әрине, біз бұл мәліметтерді одан әрі нақтылап жатырмыз, өйткені орташа мәлімет жеткіліксіз. Біз нақты туристердің шығындарын, яғни Үндістан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Еуропа елдерінен келген туристердің орташа шығынын көргіміз келеді. Ол үшін банктік карталар арқылы жасалған транзакциялардың анонимді деректерін алуға мүдделіміз», – деп толықтырды шенеунік.

Алматыға аялдаған туристердің шығыны қанша

Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев мегаполиске іскерлік туризммен келген туристер тәулігіне орташа есеппен 880 доллар (шамамен 462 мың теңге) жұмсайтынын айтады. Бұл қарапайым саяхатшылардың шығындарынан үш есе көп.  Мәселен, іскерлік туристердің қалада болу уақыты  әрі кетсе екі күнге созылса, демалу мақсатында келетін туристер бес күнге дейін қалада тұрақтайды.

Жыл басында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігі ер азаматтар екенін мәлім етті. Компания іске қосқан «eQonaq» жүйесінің деректеріне сәйкес,  туристердің қатарында ер адамдардың жалпы үлесі – 70,5%. Компания елге келетін шетелдік туристерді жас ерекшелігімен саралаған.

Сондай-ақ оқыңыз