Дженнифер Лопестің концертіне стадионды дайындауға 6 күн кетеді

Жарияланды 9 Сәуір 2025 17:21

(жаңартылды 10 Сәуір 2025 12:50)
Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Дженнифер Лопес
Астанада 1 тамызда Дженнифер Лопестің концерті өтеді/REUTERS/Mario Anzuoni, бильд-редактор: Милош Муратовский

Дженнифер Лопестің концертіне стадионды дайындауға 6 күн кетеді. Мұны «Астана» футбол клубы хабарлады.

Клуб концерттің 1 тамызда өтетінін, оған клуб тарапынан ешқандай қарсылық жоқ екенін мәлімдеді.

«Іс-шараны ұйымдастырушылар клубпен байланысқа шығып, дайындық және монтаж жұмыстарына 6 күн қажет болатынын растады. Сонымен қатар алғаш рет алаң төсенішін (газон) кез келген сыртқы әсерден қорғайтын заманауи қорғаныш жамылғы орнатылады», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ клуб басшылығы УЕФА және қарсылас командамен 24 шілдеде Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында өтетін ойынға қатысты келіссөздер жүргізеді.

«Бұл бізге еурокубоктағы «Астана аренада» өтетін ойынды және елордада болатын әлемдік деңгейдегі концертті дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – делінген ресми мәлімдемеде.

Клуб жөндеу жұмыстарынан кейін «Астана арена» еуропалық жоғары стандарттарға сай келетін заманауи көпфункционалды алаңға айналғанын атап өтті.

Айта кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді. 

Бұған дейін Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деп мәлімдеді

Сондай-ақ оқыңыз