Lifestyle

Қазақстанда гүл бағасы қай мезгілде арзандайды

Гүл көрмесі
Астанада Grow Expo & Flora Expo халықаралық көрмесі өтіп жатыр/фото kursiv.media

Астанада Grow Expo & Flora Expo халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрмеде отандық және қазақстандық компаниялар өнімдерін ұсынған. Ішінде гүл өсіретін, бау-бақшаға қажет техника сататын компаниялар бар. Соның бірі – Ecoculture компаниясы. Хризантема мен раушан өсіретін компанияның Қарағандыдағы филиалының басшысы Сәуле Базарова KursivMedia тілшісіне бұл кәсіптің қыр-сыры туралы айтып берді.

Ecoculture компаниясы нарықта 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алматы маңындағы 7 гектар жылыжайдан жылына миллиондаған өнім алынады.

«Қазақстанда хризантеманы тек біздің компания өсіреді. Біз де биыл бастадық. Көрмеге алғашқы өнімді алып келдік. Қазақстан бойынша Қарағанды, Алматы, Астана, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен қаласында – барлығы 15 дүкен жұмыс істеп тұр. Ол жерде өзіміздің өнім де, басқа елдерден жеткізілген гүлдер бар. Себебі тек екі гүлді ұсынып сауда жасау тиімді емес. Қалампыр, гортензияны Қытайдан, Нидерландыдан алдырамыз. Раушанды Ресей, Қырғызстанға да жеткіземіз», – дейді Сәуле Базарова.

Гүл көрмесі
Grow Expo & Flora Expo халықаралық көрмесі/фото kursiv.media

Айтуынша, бұл көрме жыл сайын өткізіледі. Сол арқылы кәсіпкердің тұтынушысы көбейеді, компания өзін көпшілікке таныстыра алады.

«Жылыжайда раушанның 20 түрін өсіреміз. Бір сабақтан бір ғана гүл бүр жаратын түрі бар. Оның ішінде үлкен көлемде Ред Наоми (қызыл), Аваланж (ақ), Ривайвл (қызғылт) бар. Спрей раушанның үш түрі бар. Тұқымды Нидерландыдан сатып аламыз. 3-4 жылдан бері пион тәрізді раушанды өсіріп жатырмыз. Қазақстанда тұтынушылар әдетте үлкен қызыл раушанды таңдайды. Алайда кейінгі кезде пион тәрізді раушанға сұраныс артқанын байқадым», – дейді Базарова.

Айтуынша, жылыжайда жылына миллиондаған гүл өсіріліп, сатылымға шығарылады. Маман мұны табысты кәсіп деп санайды.

«Хризантемаға деген сұраныс бар. Ал бағасына келсек, бір сабақтан бір ғана гүл бүр жаратын раушан 500 теңге тұрады. Ал хризантема бағасы – 900 теңге. Раушан түріне қарай бағасы қымбаттай береді. Орта есеппен алып қарағанда екі гүлдің бағасы бірдей», – дейді Сәуле Базарова.

Гүл көрмесі
Grow Expo & Flora Expo халықаралық көрмесі/фото kursiv.media

Базарованың айтуынша, жазда, оның ішінде шілде-тамызда гүлдің бағасы арзандайды. Қыркүйек кезінде нарықта баға қайта көтеріледі.

«Жазда жылыжайға күн жиі түседі, гүл сабағы да тез өседі. Оларды тез-тез кесіп отырамыз. Себебі гүлі түсіп қалуы мүмкін. Сол себепті жазда баға арзандап, қыста баға қымбаттайды. Бұл шілде-тамызда ғана болатын ерекшелік. Тамыздың соңында баға орнына келеді», – дейді маман.