Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
ҰБТ
Негізгі ҰБТ-ға 12 сәуірден өтініш қабылданады/ фото: shutterstock

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталып, 25 сәуірге дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге, 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады.

Тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

ҰБТ-дағы пәндер саны өзгерген жоқ

Орталықтың хабарлауынша, ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әр адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін, 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан соң, тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шекті балл өзгеріссіз қалды

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.

Сондай-ақ оқыңыз