
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Су кодексіне қол қойды деп хабарлады Ақорда.
Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға бағытталған. Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су нысандарын ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану саласында Қазақстан мүддесіне қызмет етеді.
Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қайта қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға және су шаруашылығы бассейндері негізінде басқаруға мән берілген.
Үшінші блок су тасқынының, судан келетін зиян мен залалдың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Төртінші блокта су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функциясынан бөлек, жедел әрекет ете отырып мемлекеттік қадағалау жөніндегі өкілеттіліктер берілді.
Бесінші блок гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы үшін маңызды сумен қамту мәселесін шешу үшін жаңадан Су кодексі жобасы әзірленгені, жобада сумен жабдықтау, су бұру, суару мәселелері, су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігі сияқты көптеген бағыттар қамтылғаны хабарланды.