
Алматыда FIDE World Cup ресми іріктеу турнирі – аймақтық Азия чемпионаты (3.4 аймағы) аяқталды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.
Турнирде Орталық Азия елдерінің жетекші шахматшыларының басы қосылды. Тоғыз турдың қорытындысы бойынша Әлем кубогына жолдама алғандар:
Әйелдер:
Афруза Хамдамова (Өзбекстан)
Елназ Калиахмет (Қазақстан)
Меруерт Қамалиденова (Қазақстан)
Ерлер:
Алдияр Аңсат (Қазақстан)
Сәтбек Ахмединов (Қазақстан)
Әлішер Сүлейменов (Қазақстан)
Мухаммадзохид Суяров (Өзбекстан)
Әйелдер секциясында соңғы турдың басында-ақ көп нәрсе шешілді. Бірінші үстелде 16 жастағы Афруза Хамдамова мен 14 жастағы Елназ Қалиахмет тез арада партияны тең ойынмен аяқтауға келісті. Осылайша Әлем кубогына баратыны белгілі болды. Қалған бір жолдама үшін Меруерт Қамалиденова мен Алуа Нұрман арасында тартысты ойын өтті. Нәтижесінде Қамалиденова үшінші орынға ие болды.
Ерлер арасындағы турнирде небәрі 23 жүріспен Мухиддин Мадаминовты жеңіп сенсация жасаған 19 жастағы Сәтбек Ахмединов тамаша ойын көрсетті. Бұл күні Қазақстанның басқа да шахматшылары жеңіске жетті: 16 жастағы Алдияр Аңсат әдіс жағынан Саидакбар Сайдалиевтен басым түссе, 24 жастағы Әлішер Сүлейменов тартысты жекпе-жекте Абдималик Абдисалимовтің қарсылығын тойтарды.

Ерлер арасындағы сайыста соңғы, төртінші жолдаманы Өзбекстаннан келген халықаралық шебер Мухаммадзохид Суяров жеңіп алды, ол шешуші партияда жаңадан гроссмейстер атанған Сапармурат Атабаевтан басым түсті, ал оған партияны тең ойынмен аяқтаудың өзі жеткілікті еді.
«Орталық Азия әлемдік шахмат аренасында өзінің мықты екенін көрсетіп келеді. Бұл турнир соның бір дәлелі. Біздің аймақ шеберлік пен амбицияның жаңа деңгейіне көтеріліп келе жатыр. Шахматшылардың тамаша ойынын көргенде жүрегімізді мақтаныш кернейді. Болашақта да талай жеңіске жететінімізге сенеміз.
Бұл турнирді Қазақстан өткізгенімізді үлкен мәртебе санаймыз. Бұл ұйымшылдығымыз бен қонақжайлығымызды көрсетудің мүмкіндігі ғана емес, бауырлас халықтармен бірлікті бұрынғыдан да нығайту жолында жасалған қадам. Біз бірге өсіп, бірге дамып келеміз және бір-бірімізді жаңа жетістіктерге жетуге шабыттандырамыз», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.