Ұлытау облысында балабақша бухгалтері сотталды
Жарияланды

Ұлытау облысында бюджет қаражатын жымқырған балабақша бухгалтері 8 жылға шартты түрде сотталды. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады.
Қаражал қаласы прокуратурасы тексеріс жүргізіп, Жәйрем кентінің «Балдырған» балабақшасының бухгалтерінің әрекетін анықтаған.
«Бухгалтер қызметкерлердің есепшотына белгіленген жалақы мөлшерінен жоғары қаражатты негізсіз аударған. Негізсіз аударылған бюджет қаражатының жалпы сомасы – 15,9 млн теңге», – делінген ақпаратта.
Қаражал қалалық сотының үкімімен бухгалтер қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге шартты түрде сотталды. Ол 10 жыл ұйымдар мен кәсіпорындарды қаржыландыруға байланысты бухгалтерлік және өзге де қызметпен айналысу құқығынан айырылды.