
Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілге алғаны үшін қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталған Машрапбек Баратовтың ісі прокуратураға қайтарылды. Бұған сотталушының тағылған айыптың бірін мойындамағаны себеп болды деп хабарлайды Kursiv.Media.
Іс Түрксіб ауданы сотында қаралды. Судья тағылған айып мотиві ашылмағанын, куәгерлерден толыққанды жауап алынбағанын негізге алып, іс материалдарын прокуратураға қайтару туралы шешім шығарды. Ал сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі шара өзгеріссіз қалды.

Айта кетейік, Баратов Қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып адамды кепілге алу), 293-бабы 3-бөлігі (пышақ қолданып жасалған бұзақылық), 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша айыпталған.
Іс бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу амалдары жүргізілген. Осыған байланысты сот қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарауды белгілеген.
2025 жылдың 9 сәуірінде өткен сот отырысында сотталушы Қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып адамды кепілге алу) бойынша тағылған айыпты мойындамады. Ол өзінің ешқандай талап қоймағанын айтады. Әуежай қызметкері күту залына өткізбей, жанжалға итермеледі деп санайды.
Бұл істі сотта қарауға кедергі болды және істі жалпы тәртіпте сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін прокурорға қайтаруға негіз болды.
Әуежайдағы оқиға
Машрапбек Баратов 2025 жылдың 7 наурызында Алматы әуежайында өзінен құжат сұраған кезде қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.
Оқиғаның кездейсоқ куәгері Мұса Әбдірайым есімді азамат Машрапбековтың қаруын тартып алған. Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.