
Мәжіліс депутат Елнұр Бейсенбаев Magnum желісі курьерінің тіл төңірегіндегі даудан кейін жұмыстан шығарылғанына байланысты пікір білдірді.
Депутат мәселені зерттеп, қарағанын айтып, бұл таза еңбек кодексі аясында реттелетін мәселе екенін жеткізді.
«Біріншіден, манипуляцияға жол беруге болмайды. Бұл жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы. Бұл саяси, қоғамдық резонанс тудырып, қазақ тілі қорланып жатыр дейтіндей әңгіме емес. Жеке бастың мәселесі» – дейді ол.
Депутат курьер мен клиент арасындағы даудың қандай да бір жазбасы болмағандықтан, қоғамдағы кей белсенділер мен сауда желісі манипулияға алданып отырған сияқты деп топшылайды.
«Бұл екі қазақ баласының арасында конфликт. Одан дау тудырып, қаншама адамды жұмыссыз қалдыру қажет емес дүние деп есептеймін. Бұл жерде БАҚ-та тексерілмеген, нақты ақпараты жоқ әңгіменің жетегінде кетіп жатқан сияқты, бұл парламентте талқылайтын мәселе емес» – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Бұған дейін сауда желісінің клиенті әлеуметтік желіде Magnum курьері «қазақша сөйле» деп жеке шекарамды бұзып, мәдениетсіздік танытты» деп шағымданған. Оның шағымына жауап берген Magnum курьер жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып, белсенділер Magnum «қазақ тіліне құрметсіздік танытты» деп оған бойкот жариялаған. Арада бірнеше күн өткенде сауда желісі ресми мәлімдеме таратып, курьер жұмыстан қазақ тілі үшін емес, дөрекілігі үшін шығарылғанын, әрі бұл бірінші жағдай еместігін айтқан. Курьердің өзі Qazaqtimes тілшісіне әрекетін клиенттің аты-жөнінен қазақ екенін көріп, «қазақша сөйлей берсеші» дегеннен басқа ештеңе айтпадым, жүрген жерімде қазақша сөйлеуді дәріптеп жүремін» деп түсіндірген. Осы оқиғадан кейін кей қызметкерлер Magnum-нан өз еркімен жұмыстан кетіп жатқаны туралы ақпараттар тараған.