Теңге күрт құлдырай ма: Жамаубаев жауап берді

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс кулуарында қалыптасып отырған жаһандық өзгерістер теңгені құлатады деп жүрген кей сарапшылардың пікіріне жауап берді.
Жамаубаев теңгенің құлдырауы күтіліп отырмағанын, алдағы күндері базалық мөлшерлемені бекітуге байланысты брифинг өтетінін жеткізді.
«Теңге девальвациясы күтілмейді» – деген ол мұндай ойды айтып жүрген сарапшылармен талқы жүргізуге дайын екенін атап өтті.
Бас регулятор төрағасының орынбасары Мәжіліске Салық кодексін талқылау үшін келгенін, ел экономикасы үшін салық реформасын жеделдетіп қабылдау керек екенін айтты.
Сондай-ақ ол Астанада жеке концерті өткелі отырған әртіс Дженнифер Лопестің концертінен ұйымдастырушылар айтып отырғандай 400 млн теңге салық түсетінін нақты білмейді. Сөзінше, бұл билет құнына байланысты, өзі аталған концертке бармайды.
Бұған дейін, қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев мұнай арзандай берсе, теңге одан әрі құнсыздана береді деген тұжырымын бөліскен.