Алматыда қайталама нарықтағы пәтерлер қымбаттап жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Қайталама нарықтағы пәтер бағасы қанша / Фото: shutterstock

Алматыда қайталама нарықтағы пәтерлер қымбаттады. Наурызда бағалар 3,7%-ға өскен. Бірінші несие бюросы пәтер бағасы осыдан 2,5 жыл бұрын, 2022 жылдың қазан айында осылай көтерілгенін жазады.

Соңғы үш ай қатарынан қаладағы пәтер бағасы өсіп жатыр. Ал 2024 жылдың басында, керісінше, бағалар төмендеген еді. Жалпы бір жыл ішінде қайталама пәтерлердің бағасы 7,2% өскен.

Алматыда жаңа пәтер бағасы да қымбаттаған. Наурыз айында баға 1,9%-ға көтерілген. Бұл да аз емес, себебі мұндай өсім 2023 жылдың қыркүйегінен бері болмаған.

Жаңа үйлердің бағасы бір жылда 15%-ға қымбаттаған.  krisha.kz сайтындағы хабарламаларды талдаған Applied Economics Research Centre сарапшыларының жазуынша, тұрғын үйлердің орташа шаршы метр құны 2,2% қымбаттап, 468 818 теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 15,6%-ға жоғары. Былтыр баға 400 мың теңге шамасында болды.

Әсіресе, Алматыда тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті. Ақпандағы көрсеткіш 5,3% көтеріліп, 723 587 теңгеге жетті. Жылдық өсім 21,5%-ды құрады. Бұл Алматыда баспана Қазақстан бойынша ең қымбат екенін тағы да дәлелдейді.

Есесіне жалға беру бағасы сәл төмендеді. Алматыда пәтер жалдау 0,9%-ға арзандады. Астанада тіпті қаттырақ төмендеген – 2,6%-ға. Дегенмен жыл басынан бері Астанада жалдау бағасы қатты өсіп, бір жылда жалпы 25,4%-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз