Жаңа салық реформасынан бюджетке қосымша 4-5 трлн теңге түседі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бюджетке қанша қаржы түседі / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет жаңа Салық кодексін әзірлеп, Мәжілісте бірінші оқылымда таныстырды. Салық реформасы нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 4,5 трлн теңге түспек. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Салық пен төлемдер қысқарады

Реформа аясында салықтардың жалпы саны 12-ден 11-ге дейін азаймақ. Атап айтқанда, жер салығы жеке табыс салығына біріктіріледі. Сонымен қатар бұрынғы 10 түрлі төлемнің екеуі — жарнама орналастыру және лицензияны пайдалану үшін алынатын төлемдер мүлде жойылады. Ал табиғи ресурстарға қатысты үш түрлі төлем (су, орман және жануарлар дүниесін пайдалану) біріктіріліп, бір ғана «табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем» ретінде ұсынылмақ.

Салықтан бөлек, әртүрлі алымдар мен мемлекеттік баждардың да саны қысқарады. Жаңа кодексте 6 түрлі алымды алып тастау көзделген. Олардың қатарында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тіркеу, ғарыш нысандарын есепке алу, мүлік кепілі мен ипотеканы тіркеу, БАҚ-ты есепке қою және радиожиілік спектрін пайдалану секілді салалар бар.

Мемлекеттік баждардың 5 түрі жойылып, олардың мөлшерлесмесі 113-тен 62-ге дейін азаяды. Бұл тізімге зияткерлік меншік, халықаралық тасымал құжаттары, теңіз құжаттары, нотариалдық қызметтер және жануарлар мен өсімдіктерді тасымалдауға рұқсат беру сияқты бағыттар кіреді.

Салық жеңілдіктері қайта қаралады

Қазіргі уақытта Қазақстанда 453 салық жеңілдігі қолданылады. Жаңа реформаның бір бағыты – осы жеңілдіктердің тиімділігін қайта бағалап, артық немесе тиімсіз нормаларды алып тастау.

Жоспар бойынша 128 салық жеңілдігі күшін жояды. Бұл қазынаға 1,3 трлн теңге қосымша кіріс әкеледі. Айта кету керек, бұл соманың 770 млрд теңгесі (61,5%) қаржы секторына тиесілі жеңілдіктерден құралады.

Министрдің айтуынша, енді жеңілдіктер нақты шарттармен беріліп, олардың мерзімі мен тоқтату тәртібі заңмен айқындалады.

Салық режимдері қысқармақ

Жұманғарин бұл Кодекс жобасының ең көп талқыланатын мәселелерінің бірі екені айтып өтті. Арнаулы салық режимдері айтарлықтай оңтайландырылып, нәтижесінде жеті салық режимінен тек үшеуі қалады:

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим.
  • Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.

Бұл ретте үй жанындағы дүкендер, шаштараздар мен халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.

«Енді бұл режим «жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі» деп аталатын болады. Кіріс шегі бұрынғыдай – 600 мың АЕК (жылына 2,36 млрд теңге) деңгейінде сақталады. Сонымен қатар, жұмысшылар санына қатысты шектеулер алынып тасталады», – деді министр.

Салықтың базалық мөлшерлемесі – 4%, алайда мәслихаттар оны 50%-ға дейін төмендете алады.

Салық есебі қысқарады

Жаңа құжат жобасына сай, салық есептері 30%-ға қысқарылады. Сонымен қатар әкімшілендірудің жазалаушы емес, қызмет көрсетуші сипатқа ие болуына басымдық беріледі. Яғни, салық төлеушілермен өзара қарым-қатынас енді «тексеру және айыппұл» принципінен гөрі, «ақпараттандыру және қолдау» бағытына өзгереді.

Бюджетке қосымша қанша қаржы түседі

Салық реформасының нәтижесінде Қазақстан бюджеті жыл сайын қосымша 4–5 трлн теңге көлемінде кіріс түспек. Бұл өз кезегінде Ұлттық қорға түсетін жүктемені азайтып, елдің қаржылық тәуелсіздігін нығайтуға жол ашады.

Сонымен қатар Жұманғарын қосылған құн салығы мөлшерлемесә -16 пайыз, ал тіркеу шегін 40 млн теңге болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз