Астанада жатақхана өртеніп, 50 адам құтқарылды

Бүгін таңертең Астананың Сарыарқа ауданында орналасқан 6 қабатты жатақхана өртенген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
«Бүгін таңертең Сарыарқа ауданы Бұланты көшесі бойындағы мансард үлгідегі жатақхананың алты қабатты ғимаратында өрт шықты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өрт сөндірушілер жеткен кезде жатақхананың 6-қабатындағы мансардтың толығымен отқа оранғанан анықтаған. Құтқарушылар бірден отты сөндіруге кіріскен.
Сонымен бірге ғимараттан 50 адамды эвакуациялаған. Оның ішінде 7 бала бар. Ал жатаханада тұратын 490 адам өздігінен қауіпсіз жерге шыққан.
Өрт 1600 шаршы метр алаңды шарпыған. ТЖМ оттың толық сөндірілгенін хабарлады.
«Оқиға орнында өрт зерттеу сынақ зертханасының және ТЖД анықтау бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда», – делінген хабарламада.
Айта кетсек, 20 наурыз күні Алматыда Қастеев музейінің маңында жаңадан салынып жатқан қонақүй өртенген болатын. ТЖМ құрылыс қалдықтары өртенгенін хабарлаған.