Дивиденд алатындарға салық салынуы мүмкін. Жұманғарин бұл мәселені қарастыратынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға да салық салынуы мүмкін
Дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға да салық салынуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Жаңа салық кодексінде дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға салық салу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл бастаманы Мәжілісте депутат Ермұрат Бапи көтерді.

Депутат банктердің акционерлері алатын дивидендке салық салуды керек деп санайды. Айтуынша Қазақстандық банктер Орталық Азиядағы ең ірі банктер саналады және олардың аккумуляциялық сомасы 55 трлн теңгеге жетеді.

«Бұл Қазақстанның екі бюджетінен артық. Осы банктер жыл сайын өз қожайындарына миллиардтаған дивиденд төлейді. Банктердің қоғам алдындағы, әлеумет алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында дивидендтерге салық салу мәселесін қарастыру керек. Біз бюджетті тығындау үшін осындай реформа жасап жатырмыз. Демек, мұндай күрделі мақсаттарды жүзеге асыруға батыл кірісуіміз керек. Үкімет неге 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерге 10%, 1 млрд алатын акционерге 15% салық салмайды?», – деп сұрады депутат.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың бұл бастамасына қарсы келмеді, қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Десе де, 100 млн теңгеге дейінгі сомаға 10% салық енгізуді тым көп деп санайтынын айтып, мұндай сомаға салынатын салықты 5% көлемінде қарастыруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ салық салу мәселесі тек банктердің акционерлеріне емес, сонымен бірге басқа ұйымдарға қатысты болатынын атап өтті.

«Мәселе банктерге ғана қатысты емес, бүкіл дивиденд алатын адамдар мен ұйымдарға қатысты болады», – деді Жұманғарин.

Ермұрат Бапи жаңа Салық кодексі шеңберінде депутаттардың осындай ұсыныс енгізетінін айтты.

«Бұл бастаманы үкімет қолдайды деп ойлаймын. Халық пен бизнесті сыға бергенше, банктерді де біраз сығайық», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз