Қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге болады, бірақ жеке кәсіпкерлікті тіркеуді қиындатамыз – Жұманғарин

Жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығының шегі 15 млн теңге емес, 40 млн теңге көлемінде бекітіледі. Бұл туралы Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Қосылған құн салығы 16% болады. Қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. Үкімет пен депутаттар ортақ компромиске келді. Десе де айта кетейін, біз бұл шешім негізінде 160-қа жуық салық төлеушіні жоғалтып, шамамен 400 млрд теңге көлемінде бюджетке қосымша салық түсімінен айырыламыз. Сәйкесінше, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талаптарын барынша қатаңдатамыз. Қажетті нормалар дайын тұр», – деді министр.
Сонымен қатар Жұманғарин жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлік (ЖК) иелері мен бұрын бұзушылықтар жасағандар үшін жаңадан кәсіпкер ретінде тіркелу қиыннға соғатынын айтты.
Еске сала кетсек, Amanat депутаттары қосылған құн салығы шегін төмендетуге қарсы шығып, оның көлемін 30 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Айта кетейік қолданыстағы заңнамаға сәйкес қосылған құн салығының шегі 78 млн теңгені құрайды.