Саиров жаңа Салық кодексі кімнің мүддесін қорғайтынын айтты

Жаңа Салық Кодексінде жер қойнауын пайдаланушылар біршама салықтық жүктемелерден босатылған. Кодекс күшіне енсе, мұндай компаниялар 1,3 трлн теңге салықтан босатылады екен. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ірі компанияларға мұндай жеңілдіктер беруге қарсы шықты.
Депутат Салық кодексінің астарында ірі компаниялардың мүддесін қорғау мақсаты жатуы мүмкін деп санайды.
«Салық кодексінің жобасында жер қойнауын пайдаланушыларға 1,3 трлн теңге жеңілдік беру көзделген. Біз мұнымен келіспейміз. Қатты пайдалы қазбаларды өңдеу саласымен айналысатындар келісімге сәйкес 10 жылға корпоративті табыс салығынан, мүлік салығынан, жер салығынан, импортқа салынатын қосылған құн салығынан босатылады», – деді депутат.
Сонымен бірге Саиров тау-кен ісімен айналысатын, қазіргі таңда жұмысын жүргізіп жатқан компаниялардың да салық жүктемелерінен босатылатынын атап өтті. Депутат мұны мемлекет мүддесіне қайшы әрекет деп санайтынын жеткізді. Осыған орай мәжіліс депутаттары бірігіп, бұл жеңілдіктерді жаңа Салық кодексінен алып тастау бойынша түзетулер енгізіп, қорытындысын үкіметке жолдаған.
Жұманғариннің жауабы
Жұманғарин бұл жеңілдіктер инвесторлар тарту үшін жасалып отырғанын атап өтті. Мұндай жеңілдіктермен ірі трансұлттық компаниялардың Қазақстанға кіруге дайын екенін де жеткізді.
«Қазақстанда бірінші инвестициялық кезең аяқталды. Бәріңіз жақсы білесіз 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі күрт азайды. Біз оның теріс әсерін көрдік. Енді екінші инвестициялық кезеңді бастау керек. Соңғы жылдары елде бірде-бір ірі кен орны ашылған жоқ. Қандай да бір қорларымыз да жоқ. Шынын айтсақ, қазір қолда жоқ нәрсені жоғалта алмаймыз. Біз терең өңдеу саласын ынталандыруды көздеп отырмыз. Сол үшін біз осындай жеңілдіктер беріп жатырмыз. Өйткені елден шикізат емес, дайын өнім шығуы керек. Шикізатқа салынатын салық өте жоғары болады», – деді Ұлттық экономика министрі.
Саиров Салық кодексі арқылы біреудің ірі капиталына «лобби» жасалып жатқанын айтып, үкіметті дұрыс жұмыс жүргізуге шақырды. «Біз мемлекеттің мүддесі үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек», – деді ол.