Жаңалықтар

Шымкентте әкімдіктің атынан «пәтер алып беремін» деп сазға отырғызу көбейді

Шымкентте әкімдіктің атынан уәде берушілерге тап болғандар шұғыл құқық қорғау органдарына хабарласуы тиіс/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Шымкентте әкімдіктің атынан уәде берушілерге тап болғандар шұғыл құқық қорғау органдарына хабарласуы тиіс/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкентте әкімдіктің, жергілікті атқарушы органдардың атынан «пәтер алып беремін» деп халықты сазға отырғызғандар көбейген.

Шымкент әкімдігі бұған қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Өтірік уәде беріп, жалған құжат таратушылардың мемлекеттік қызметкерлер емес, алаяқтар екенін ескертті.

Заңсыздыққа баратындар кімдер?

«Өкінішке қарай, халық арасында, интернет кеңістігінде жергілікті атқарушы органдардың атынан жалған құжаттар таралып жатыр. Пәтер алып беруге көмектесемін деп заңсыздыққа баратын алаяқтар көбейді», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жергілікті атқарушы орган Шымкентте әкімдіктің атынан уәде берушілерге кез болған адамдарды шұғыл құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырып отыр.

Басқарма қызметкерлері мұндай хабарлама таратпайды

Әкімдіктің айтуынша, тек қана ресми ақпарат көздеріне сену керек. Өйткені, Тұрғын үй басқармасы қызметкерлері ресми хабарламаларды Шымкент қаласы әкімдігінің, Тұрғын үй басқармасының ресми сайттары және әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы ғана таратады.

Басқаша жағдайда, Шымкентте әкімдіктің атынан алаяқтар пәтер әперемін деп тор құруы ықтимал.

Сақтану амалдары қандай?

«Сіздерден алаяқтардың жолдаған жалған құжаттамаларына немесе шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарға сенбеуді, бейтаныс нөмірлерге ақша аудармауды сұраймыз», – деп хабарлады әкімдік.

Әкімдіктің сақтандыруы бойынша, қауіпсіздікті сақтаудың үш тәсілі бар. Олар – жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеу, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру. Сонымен қатар, күмәнді хабарламаларға сенбеу ләзім.

Интернет кеңістігінен келетін қатер

Шымкент әкімдігінің ресми сайтына жүгінсек, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-кеңістікте түрлі күмәнді контенттің таралып жатыр. Оған тұсау салу – маңызды міндеттердің бірі.

«Жыл басынан бері есірткілерді жарнамалайтын 7 мыңнан астам сайт, экстремистік мазмұнды 2 мыңнан астам контент және интернет-алаяқтық белгілері бар 28 мыңнан астам ресурс анықталды», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мұның алдында Шымкенттік тұрғын қызғалдақтарды жұлғаны үшін 12 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін екенін жазған едік.