Түркістандықтарға солтүстік өңірлерден 10 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды

Түркістандықтарға солтүстік өңірлерден 10 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды. Теріскейге баруға 75 адам байлам жасап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, «Қоныс аудару» бағдарламасы Түркістан облысында қарқынды іске асып жатыр.
Жетісай мен Мақтаарал тұрғындарына ұсыныс
Жетісай мен Мақтаарал аудандарында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне еліміздің жеті өңірінен делегациялар келген. Олар екі қолға бір күрек іздеген жергілікті тұрғындарға 10 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды.
Халыққа бағдарлама шарттары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, тұрғындарды еңбекпен, баспанамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету жолдары баяндалды. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау түрлері де айтылды. Түркістандықтарға солтүстік өңірлерден көп мүмкіндік ашылмақ.
Мемлекет қандай қолдау көрсетеді?
Нақты айтқанда, солтүстікке барғысы келгендердің көшу шығындарын толық өтеледі. Бір жылға дейін баспанамен қамтамасыз ету немесе жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер өтеледі. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Кәсіп ашуына жағдай жасалады. Балабақша, мектеп, жер телімі сияқты әлеуметтік мәселелер шешімі табылады.
Кездесуге кімдер келді?
Тұрғындармен кездесуге Жетісай ауданындағы жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Бағдатұлы келген. Сондай-ақ, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Абзал Дәулетәліұлы да бар. Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы қатысқан. Олар 300-ге жуық тұрғынмен еркін форматта кездесу өткізді. Нәтижесінде Жетісай ауданынан 40-қа жуық, ал Мақтаарал ауданынан 35 азамат қоныс аударуға ниет білдірді.
Мақтааралдан алты жылда 144 отбасы көшкен
2015 жылдан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында Түркістан облысынан көптеген отбасы солтүстікке қоныс аударып, жаңа өмір бастауда. Тек Мақтаарал ауданынан 2018–2024 жылдары аралығында 144 отбасы жаңа өңірге көшіп барған.
Айта кететін жайт, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлері – табиғи байлығы мол, әлеуеті зор, алайда еңбек ресурсы жетіспейтін аймақтар.
«Қоныс аудару» бағдарламасы нені көздейді?
Теріскейде ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім мен денсаулық сақтау салаларында маман тапшылығы – күн тәртібіндегі өткір мәселе.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Қоныс аудару» бағдарламасы – жай ғана көші-қон емес, жаңа өмірге бағытталған маңызды мүмкіндік. Бұл – жаңа мекен, жаңа кәсіп, тұрақты тұрмыс пен баянды болашақ кепілі.
«Қоныс аудару – туған топырақтан алыстау емес, өмірдің жаңа белесіне қадам басу. Бұл – ел ішіндегі еңбек күшінің тең бөлінуіне жол ашатын, келешегі кемел бастама», – дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұның алдында қытайлық компанияның Түркістанда мақта-тоқыма зауытын салатынын жазған едік.